«Экс-президентті жамандамаған 2-3 адам болса, соның бірі – Бекең»: Бекболат Тілеуханды мақтаған қоғам белсендісі оңбай сөз естіп қалды 

«Экс-президентті жамандамаған 2-3 адам болса, соның бірі – Бекең»: Бекболат Тілеуханды мақтаған қоғам белсендісі оңбай сөз естіп қалды 
23.10.2025 11:23
0
266

Қоғам белсендісі Нартай Сауданбекұлы қоғам белсендісі, экс шенеунік Бекболат Тілеуханмен болған кездесуі туралы айтып, көпшілікке жақпай қалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

«Бүгін Бекболат ағамен 1 сағаттай серуендеп, сұхбат қүрдық. Затаевичтің жазғандарынан біраз әңгіме шертті. Тыңдай бергің келеді. Алғаш Бекеңнің әңгімесін Солтүстік Қазақстанда осыдан 14-15 жыл бұрын, бәлкім тағы 1-2 жыл ертерек тыңдап едім. Ол кезде тақырып Абай хәкім болған. Оқыған тоқығаны бөлек адам ғой шіркін. Ағамды талай кездестіріп жүрсем де бетіне мақтамайтынмын. Біртүрлі ерсі көретінмін. Бүгін соның бәрін ысырып қойып бетіне мақтадым», - деп жазды Нартай Сауданбекұлы.

Ол сондай-ақ музыка саласына қосқан өнеріне де тоқталып өтті.

«Бекеңнің ән өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Кейін ән, өнер зерттеушілері Бекеңнің өз бағасын бере жатар. Бірақ өз басым бұл кісіні феномен деп білемін. Мағауин 7 ғасырды жырлатып түгендегені қандай құнды болса Бекеңнің сол жыраулар насихатын күйге салып, біздің құлаққа жеткізгені содан кем емес дүние. Қазтуған, Ақтамберді жыраулардың жырын, Абай өлеңдерін анандай қылып жырлау... әй, білмеймін, басқа біреудің қолынан келе қоймас-ау, сірә. Қазақта: "Шамаң келсе "Шаманы" шырқашы" деп жатады. Бекеңнің "Шаманы" шырқауы қандай. Қайран да менің еділімнің ар жағындағы домбыра партиясы, тіпті, сұмдық енді. Солардың бәрін бір мақтау сөзге сыйдырып алдына төге салдым не болса да», - дейді қоғам белсендісі.

Ол Бекболат Тілеуханның мықты екенін мойындады. 

«Мықтыны мықты дей білу керек қой. Бір жылы сөз қимайтын тас бауыр боп барамыз әйтпесе. Сосын сөзім сөз. Бұрынғы президентті жамандамаған екі-үш ақ адам болса соның бірі осы Бекең. Аяғына дейін адалдығынан айнымады. Тіпті Мырзекең аунап түсіп жатса дағы, өз басына таяқ пен сөз қарша бораса да айнымады. Ал бұл нағыз еркекке тән қасиет. Аман болыңыз аға», - деп жазды Нартай Сауданбекұлы. 

Қоғам белсендісінің бұл жазбасын бірі қолдаса, енді бірі «Бекең балаларды салафит етті», «қаңтарда қашып кетті» деп ренішін білдіргендер тіпті көп болды.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий