Елдос Жұмағұлов: ҚҚС арттыру - қажетті қадам

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы салық реформасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Сарапшының айтуынша, Компромисс – бұл екі тараптың да қалағанын толық ала алмаса да, бірге алға жылжуға тырысуы.
Бұл ой вице-премьер Жұманғарин ұсынып отырған салық реформасының логикасына сай келеді: ҚҚС-НДС (қосымша құн салығы) мөлшерін арттыру – бір жағынан халыққа жүктеме болуы мүмкін, екінші жағынан елдің тұрақты дамуына қажетті қадам. Яғни, бұл – әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық тұрақтылық арасындағы компромисс.
Соңғы кездері қоғамда жаңа Салық кодексі туралы, әсіресе мөлшерін арттыру жайлы көп әңгіме жүріп жатыр. Бүгін Мәжілісте Серік Жұманғарин бұл өзгерістердің мәнін түсіндіруге тырысты.
Министрдің айтуынша, ҚҚС-ты 16%-ға көтеру бюджетке қосымша 3 трлн теңге әкелмек. Бұл ақша жол, мектеп, аурухана, қауіпсіздік және инфрақұрылым сияқты маңызды салаларға жұмсалады. Яғни, бұл қадам халықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бұл өзгеріс Ұлттық қорға түсетін ауыртпалықты азайтады. Қазір еліміз мұнайдан түсетін табысқа тәуелді. Ал ҚҚС арқылы бюджетке тұрақты кіріс түсіп тұрса, экономика мұнай бағасының құбылуына онша тәуелді болмайды. Бұл сырттан қарыз алмауға да мүмкіндік береді.
Әлеуметтік әділеттілік те ескерілген. Үкімет әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтерге ҚҚС-ты төмен немесе мүлде 0% деп белгілемек. Мысалы, ақылы медицинаға – 10%, ал азық-түлік, кітап басу, археология сияқты салалар ҚҚС-тен босатылады. Негізгі ставка – 16%, бірақ әр салаға қарай өзгеріп отырады.
Тағы бір өзгеріс – корпоративтік табыс салығы бойынша. Базалық ставка – 20%, бірақ банк және ойын бизнесі үшін – 25%. Ал медицина мен білім салаларында бұл салық 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10% болады. Ауыл шаруашылығында бәрі сол күйі – 3%.
ҚҚС-ты 16%-ға көтеру – мемлекет үшін тұрақты табыс көзін қалыптастыруға бағытталған қадам. Оның нәтижесінде бюджетке қосымша қаржы түсіп, жол, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандарды дамытуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ бұл қадам Ұлттық қорға түсетін салмақты азайтып, мұнайға тәуелділікті төмендетеді және шетелден қарыз алу қажеттілігін қысқартады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге төмендетілген немесе нөлдік мөлшерлеме қолданылып, халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсетіледі.
Дегенмен ҚҚС-тың өсуі кейбір тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына, әсіресе күнделікті тұтынатын заттардың бағасының көтерілуіне алып келуі де мүмкін. Бұл халықтың шығынын арттырып, шағын және орта бизнеске де қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан бұл өзгерістердің тиімділігі салық реформасының нақты іске асуына және әділ орындалуына байланысты болмақ.
Соңғы жаңалықтар





