Елімізде әрбір жетінші ата-ана баласына жеткілікті көңіл бөлмейді

Қазақстанда әр жетінші ата-ана жұмысына байланысты балаларына жеткілікті уақыт бөле алмайды. Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген, , деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оқу-ағарту министрлігі балалардың әл-ауқаты индексінің қорытындысы аясында кең ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысқан 93 120 мың адам өз ойын жеткізген. Нәтижесінде, ата-аналардың 14%-ы жұмыстан қол тимейтінін айтқан. СҚО-да бұл көрсеткіш 18%-ға жуық. Сондай-ақ Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарында да көрсеткіш жоғары. Ең төменгі үлес Шығыс Қазақстан облысында – 9,1%.
Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, үлкендердің жұмысбастылығы мен балалармен сирек сөйлесуі отбасы ішіндегі сенім мен өзара қолдауды әлсіретеді. Дегенмен мемлекет мұндай отбасыларға қолдау көрсетуге тырысып жатқанын айтады.
«Биылғы оқу жылынан бастап бұл орталықтар жаңартылған бағдарлама негізінде жұмыс істеп, заманауи цифрлық форматтарды және балалардың психикалық саулығы мен эмоциялық дамуына арналған тақырыптарды қамтиды», – деді Насымжан Оспанова.
«Балаға кемінде бес минут уақыт бөлу керек»
Комитет басшысы ата-аналарға күн сайын кемінде бес минут уақытын баласына арнап, смартфон мен өзге де гаджеттерді пайдаланбай, ашық әрі мазмұнды әңгімеге көңіл бөлуге кеңес береді.
UNICEF деректеріне сүйенсек, мұндай қарым-қатынас сенімді нығайтып, мазасыздықты азайтады және эмоционалды тұрақтылықты арттырады.
Бала құқықтарын қорғау комитеті алаңдаушылық, тұйықтық немесе агрессия белгілері байқалса, психологтарға немесе отбасы мен бала мәселелері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін «111» байланыс орталығына жүгінуге кеңес береді.
Айта кетейік Қазақстанда ата-аналардың балаларын тәрбиелеуде күш қолдану мен психологиялық агрессия жасауы айтарлықтай төмендеді. Статистикаға сүйенсек, 53%-дан 38%-ға дейін азайған.
Соңғы жаңалықтар




