Елордада өрт қауіпсіздігі бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде
Елордада өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мереке күндерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елордалық Төтенше жағдайлар департаменті адамдар көп жиналатын нысандарда жадынамалар орналастырды. Бұл жадынамалар "EXPO" халықаралық көрме орталығында, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ, "Барыс-Арена", "Алау" мұз сарайы, "ASIA PARK" сауда ойын-сауық орталығы, онкологиялық орталық және теміржол вокзалдарында көрініс тапты.
Сонымен қатар, мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жадынамаларда орналастырылған QR-кодтар арқылы Қазақстан ТЖМ-нің "112KZ" ресми Telegram-каналына өтіп, төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша қажетті ақпаратқа қол жеткізуге болады.
Мұндай шаралар мереке күндерінде төтенше жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.