Елордадан 1000-нан астам жігіт әскерге аттанады: Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Бүгін, 28 тамыздан бастап Қазақстанда жыл соңына дейін жалғасатын күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Осы кезеңде еліміз бойынша 18-27 жас аралығындағы 22 мыңға жуық азамат әскер қатарына алынады. Елордада өткен брифингте Астананың Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері биылғы шақыртудың ерекшеліктері мен сарбаздарға жасалатын жеңілдіктер туралы айтты.
Қазақстанда бүгін ресми түрде күзгі әскерге шақыру науқаны іске қосылды. 31 желтоқсанға дейін жалғасатын науқан барысында Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдардың қатарын 22 мыңға жуық жас сарбаз толықтырады. Тек Астана қаласының өзінен 1000-нан астам бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Әнуар Әубәкіровтың айтуынша, шақырылушылардың негізгі бөлігі Қарулы күштерге (10 мыңнан астам), Ұлттық ұланға (7 мыңнан астам) және ҰҚК Шекара қызметіне (2 мыңнан астам) жіберіледі. Биылғы шақыру науқаны ашық форматта өтеді: азаматтарға шақырту қағаздарымен қатар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар жіберіледі, ал барлық ақпарат әлеуметтік желідегі ресми парақшаларда жарияланады.
Брифингте мерзімді әскери қызметтің бірқатар артықшылықтары да аталды. Атап айтқанда:
- Несиелік демалыс: Қазірдің өзінде 17 мыңнан астам сарбаз жалпы сомасы 6,6 млрд теңге болатын несиелерін төлеуді кейінге шегерген.
- Тегін білім: Отан алдындағы борышын үлгілі өтеген сарбаздар үшін еліміздің 80-ге жуық жоғары оқу орнында 3000 білім гранты бөлінген.
- Цифрландыру: Әскери есепке алу толықтай электронды форматқа көшірілді. Әскерден босату немесе кейінге қалдыру қызметтерін енді egov.kz порталы арқылы онлайн рәсімдеуге болады.
Соңғы жаңалықтар





