Эльвира Азимова Қазақстан Конституциялық сотының төрағасы болып тағайындалды
Бүгін, 18 қыркүйекте Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Эльвира Әбілхасымқызы Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Азимова бұған дейін де осы лауазымды атқарған. Ол Конституциялық сот төрағасы қызметіне Президент жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан тағайындалған еді.
Эльвира Азимова кім?
Эльвира Әбілхасымқызы Азимова 1973 жылғы 15 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Халықаралық заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық ішкі істер бөлімінің басқару пультінде кезекші оператор болып бастаған. Кейін Әділет министрлігінде жұмыс істеген.
1996–1999 жылдары министрліктің Халықаралық-құқықтық қамтамасыз ету басқармасында жетекші маман, бас консультант болған. 1999–2005 жылдары заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттерінде түрлі қызмет атқарған.
2005–2010 жылдары Әділет министрлігінің Заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, Шарттар және талап-арыз жұмысы департаменттерін басқарған. 2010 жылдан 2013 жылғы қазанға дейін Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры болған.
2013 жылғы 2 қазаннан 2019 жылғы қыркүйекке дейін әділет министрінің орынбасары қызметін атқарған. Ал 2019 жылғы 2 қыркүйектен 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болған.
2021 жылғы 18 қыркүйекте Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі болған. 2022 жылғы 17 мамырда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына кірген.
Қандай марапаттары бар?
Эльвира Азимова «Құрмет» (2013), II дәрежелі «Достық» (2021), III дәрежелі «Барыс» (2025) және I дәрежелі «Барыс» (2026) ордендерімен марапатталған. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алған.
Оған мына медальдер де берілген:
• «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005);
• «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2012);
• «Қазақстан Республикасының ҚМ 100 жыл» (2021);
• «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021);
• «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» (2025);
• «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» (2026).
Халықаралық марапаттары қатарында 2015 жылғы 8 мамырда берілген I дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақ құруға қосқан үлесі үшін» марапаты бар. Сондай-ақ 2019 жылғы 29 мамырда «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» марапатын алған.
Соңғы жаңалықтар