Ербол Мырзабосынов туризм және спорт министрі болып қайта тағайындалды
Ербол Мырзабосынов Қазақстанның Туризм және спорт министрі қызметін сақтап қалды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы оны осы лауазымға қайта бекіту туралы Жарлыққа қол қойғанын Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ербол Қуантайұлы Мырзабосынов Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Жаңа шешім қабылданбас бұрын министрдің кандидатурасы Құрылтайда қаралды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутаттар оны қызметке бекітуге келісім берген.
Бұл рәсім «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы негізінде өтті. Жиын нәтижесінде комитет оң қорытынды шығарды.
Ербол Мырзабосынов кім?
Ербол Қуантайұлы туризм және спорт ведомствосын 2024 жылғы 2 қыркүйектен бері басқарып келеді. Оған дейін бір жыл бойы осы министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болған.
Министр 1984 жылы 30 тамызда Семей қаласында туған. Ол Семей мемлекеттік педагогикалық институты мен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін, сондай-ақ Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы Семейдегі педагогикалық институтта ассистент және жаттықтырушы болып бастады. Кейін 2007–2008 жылдары ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер мектебінде сабақ берді.
2009–2017 жылдары Семей мемлекеттік медицина университетінде оқытушы, кейін дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болды. Сонымен қатар 2018 жылға дейін Шығыс Қазақстан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушы қызметін қоса атқарған.
2018–2020 жылдары «Қызылжар Арландары» спорт клубын басқарды. Одан кейін бір жыл бойы Qazaq kuresi қауымдастығының басқарушы директоры міндетін атқарды.
Министрлікке келмес бұрын ол академиялық ортада басшылық қызметте болды. Ербол Мырзабосынов 2021–2023 жылдар аралығында Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры ретінде жұмыс істеді.
Соңғы жаңалықтар