ERG компаниясы екіге бөлініп Қазақстан мен шетелдік активтер ажыратылуы мүмкін
Eurasian Resources Group (ERG) қожайындары тау-кен тобын екі дербес бизнеске бөлу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап.
Бұл шешім компанияның Қазақстандағы және халықаралық деңгейдегі активтерін толық ажыратуға бағытталған. Жоспар жүзеге асса, ERG екі негізгі жеке акционер – Шахмурат Муталип пен Шұхрат Ибрагимовтың арасында бөліске түседі.
Қазіргі уақытта алып топ табысының негізгі бөлігін Қазақстандағы темір кені, феррохром және алюминий өндірісінен тауып отыр. Сонымен қатар оның Африка мен Бразилияда да ірі кеніштері бар. Бұл қадам инвесторлар мен алпауыт мемлекеттердің қызығушылығы артып тұрған тұста компанияның болашағына қатысты белгісіздікті жойып, халықаралық серіктестермен жаңа мәмілелер жасауға жол ашады.
Ұсынылып отырған жоспар бойынша, 2024 жылдан бері компанияны басқарып келе жатқан Шұхрат Ибрагимов өзінің отбасына тиесілі 20% акциясын ERG-дің халықаралық бизнесіне айырбастайды. Бұл халықаралық бөлім жаңа компания болып қайта құрылып, оған шамамен $2 млрд қарыз тасымалданады. Нәтижесінде Шахмурат Муталип пен Қазақстан үкіметі ел аумағындағы кеніштер мен зауыттардың қожайыны болып қалмақ. Қазіргі таңда мемлекет ERG-дің 40% акциясына иелік етеді.
Мамыр айында 35 жастағы Шахмурат Муталип компанияның 39.3% үлесін Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің отбасыларынан сатып алған болатын. Бұл келісім елдегі жаңа элитаның қалыптасуын және байлықтың ауысу процесін айқындай түседі, – делінген Bloomberg материалында. Сондай-ақ өткен айда Муталиптің құрылыс компаниясының төрағасы ERG-дің Қазақстандағы бизнесінің бас директоры болып тағайындалған еді.
Өз кезегінде Шұхрат Ибрагимов Конгодағы қарқынды дамып келе жатқан тау-кен секторына, соның ішінде әлемдегі ең ірі кобальт және мыс көздерінің бірі болып табылатын Metalkol кенішіне назар аудармақ. Бұл аймақта АҚШ тарапы да Бейжіңге тәуелділікті азайту үшін белсенді әрекет етіп жатыр. Әзірге Шахмурат Муталиптің де, ERG компаниясының да ресми өкілдері бұл ақпаратқа қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
Соңғы жаңалықтар