Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып қайта тағайындалды
Ерлан Сәрсембаев Қазақстанның Әділет министрі лауазымына қайта тағайындалып, өз қызметін сақтап қалды. Мемлекет басшысы қол қойған тиісті Жарлықты Ақорда жариялады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми ақпаратта.
Тағайындау алдында оның кандидатурасын Құрылтайдың салалық комитеті қолдады. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында депутаттар ұсынылған кандидатураны мақұлдады.
Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында қаралды. Жиын нәтижесінде оны Әділет министрі қызметіне тағайындауға болатыны жөнінде оң қорытынды қабылданды.
Ерлан Сәрсембаев кім?
Ерлан Жақсылықұлы 1975 жылы Алматы облысында туған. Ол Алматы энергетика және байланыс институты мен Д.А. Қонаев атындағы Гуманитарлық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1998–2002 жылдары Қарулы күштердегі офицерлік лауазымдардан бастады. Одан кейін мемлекеттік басқару саласына өтіп, 2002–2005 жылдары Премьер-министр кеңсесінде кеңесші, сектор меңгерушісі болды.
2005–2011 жылдары Парламент Сенаты Аппаратында бөлім меңгерушісінің орынбасары және бөлім меңгерушісі лауазымдарын атқарды. 2011–2016 жылдар аралығында Ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтерде еңбек етті.
Кейін қайтадан Сенат Аппаратына оралып, 2016–2022 жылдары бөлім меңгерушісі, сондай-ақ Аппарат басшысының орынбасары міндетін атқарды. 2023–2025 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы қызметінде болды.
Ерлан Сәрсембаев Әділет министрлігін 2025 жылғы 9 қаңтардан бері басқарып келеді.
Соңғы жаңалықтар