Еуропа барлаушылары Путинге қарсы қастандық туралы баяндады
Еуропалық барлау қызметінің баяндамасына сүйенген CNN телеарнасы Кремль ішінде Владимир Путинге қарсы әскери төңкеріс немесе қастандық ұйымдастырылуы мүмкін деген үрей күшейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Барлау мәліметтеріне қарағанда, билік басындағылар мұндай бүлікті бұрынғы қорғаныс министрі, қазіргі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу бастауы мүмкін деп қауіптенеді, себебі ол әлі күнге дейін әскердің жоғары қолбасшылығына ықпал ете алады.
Ол қызметтен кеткеннен кейін министрлікте жаппай тазарту жүріп, оның айналасындағы шенеуніктер қылмыстық қудалауға ұшырады және мүліктері тәркіленді.
Атап айтқанда, наурыз айында бұрынғы бірінші орынбасар Руслан Цаликов қамауға алынды, бұл элита ішіндегі қорғау туралы жазылмаған келісімдерді бұзып, Шойгудың өзіне де қауіп төндірді. Бұл туралы барлау қызметінің есебінде көрсетілген.
Қазіргі уақытта Цаликов «қылмыстық топ құру және әскерді жабдықтау кезінде 6,6 млрд рубль жымқыру» ісі бойынша үйқамақта отыр. Оған қамқорлығы үшін мердігерлерден 50 млн рубль қолма қол ақша мен құны 2,3 млн тұратын мотоцикл түрінде пара алды деген айып тағылып, РФ Бас прокуратура оның және туыстарының 7 млрд рубльдік мүлкін тәркілеуді сұрады.
Баяндамада 2025 жылдың желтоқсанында Украина арнайы қызметі Ресей Қарулы күштері Бас штабының жедел даярлық басқармасының бастығы генерал Фанил Сарваровтың көзін жойғаннан кейін күштік құрылымдар арасында басталған қақтығыс та айтылған. Кремльдегі жиында Бас штаб басшысы Валерий Герасимов әскерилерді қорғай алмағаны үшін ФСБ басшысы Александр Бортниковты қатаң сынаса, ол өз кезегінде адам мен ресурс тапшылығын алға тартқан. Осы кездесуден соң Путин нақты шешімдер ұсынуды тапсырып, Федералды күзет қызметінің құзыретін кеңейтті және тағы он жоғары шенді генералға күшейтілген қорғаныс тағайындады.
Бұл жағдайлар аясында Ресей президентінің жеке қауіпсіздігі де барынша күшейтіліп, оның жақын ортасындағы қызметкерлердің үйлеріне қосымша бақылау жүйелері орнатылды. Оның резиденцияларында қызмет ететін аспаздар, күзетшілер мен фотографтарға қоғамдық көлікпен жүруге және интернетке қосылатын телефон ұстауға тыйым салынып, президентке келушілер енді екі мәрте тексеруден өтетін болды.
Барлау қызметінің мәліметінше, қауіпсіздік шараларына байланысты Путин мен оның отбасы Мәскеу түбі мен Валдайдағы резиденцияларына баруды доғарды. 2026 жылы ол бұрынғыдай әскери нысандарды араламаған, ал Украинадағы соғыс басталғалы бері бірнеше апталап аса қорғалған бункерлерде паналайтыны белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар