Freedom Finance филиалының бұрынғы директоры 5 жылға сотталды

Freedom Finance филиалының бұрынғы директоры бес жылға сотталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қостанай. 17 қазан. Қостанайдағы Freedom Finance филиалының бұрынғы директоры алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз қарамағындағы қызметкерлердің 70 миллион теңгеден астам бонустық төлемдерін алдау арқылы иемденіп келген.
Қостанай қаласының №2 сотында анықталғандай, аймақтық директор 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазан айына дейінгі аралықта қызметтік бабын пайдаланған. Ол өзіне тікелей бағынатын қызметкерлеріне «жоғары басшылықтың тапсырмасы» деген жалған сылтау айтып, олардың жақсы жұмысы үшін алған бонустық сыйақыларын өзіне беруді талап еткен. Осы қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде ол жәбірленушілерге 70 миллион теңгеден астам аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы оны 5 жылға соттап, 10 жылға қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады. Алайда, сотталушының өзі кінәсін мойындамады. Ал жәбірленуші тарап оған қатаң жаза тағайындап, келтірілген шығынның толық өтелуін талап етті.
Сот айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының барын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, оны 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, ол 7 жыл бойы қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқара алмайды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу колониясында өтейтін болады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар





