Гүлзира Айдарбекқызы сыныптастарымен кездесемін деп жылап қалды
Оқиға продюсердің мектеп бітіргеніне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылған сыныптастар кездесуінде болған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекқызы Instagram парақшасында әсерлі жазба қалдырды. Ол бала кездегі достарымен өткен басқосу туралы ой бөлісіп, жүрек толқынысын жасырмады.
«Сыныптастарымызбен 40 жылдық кездесу өтті. Осы жылға дейін арамыздан біраз құрдастарымыз да, ұстаздарымыз да о дүниелік болып кетті. Өмір бір есіктен кіріп, екінші есіктен шығып кеткендей өте тез. Сенің дүниеңнің бар болғаны да, жоқ болғаны да қызықтырмайтын достарың – ол бала кездегі сыныптастарың», – деп жазды ол.
Айдарбекқызы бұл жолы бұрынғыдай жай тарамай, сыныптастарымен қимастықпен қоштасқанын, тіпті еріксіз көзіне жас алғанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде бірнеше досынан айырылып қалғаны жанын ауыртқан.
«Кейбірінің келіншектері өмірден өткен күйеулерінің орнын жоқтатпай жалғыз келді, олардың жүрегінде қандай толқыныстар орын алды – ол да жүрекке батты... Ауылда қалған қарапайым сыныптастарымның титтей де арамдығы жоқ, не деген кең жүректі адалдықтарын сөзбен айтып жеткізе алмаймын», – деп жазды продюсер.
Сондай-ақ ол чаттан шықпауға, бір-бірінің хал-жағдайын сұрап тұруға шақырды.
«Сырттағы біреуден естімей, жағдайларыңды өз ауыздарыңнан естіп отырайық деп кеттім. Барымызда бір-бірімізді бағалайық!» – деп түйіндеді жазбасын Гүлзира Айдарбекқызы.
Соңғы жаңалықтар




