Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды

13.04.2026 19:22 Әсел Мұрат
Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды
578
Фото: Polisia.kz

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогерді ұстадыдеп хабарлайды Politico.kz.

«Қазақстан Ішкі істер министрлігі Интерпол арқылы Вьетнамның құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде Камрань қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде болған блогер Қ.-ны ұстады», - делінген полиция хабарламасында.

Полицияның мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде онлайн-казинолардың жарнамалық бейнематериалдарын жүйелі түрде жариялап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартқан.

Заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті 100 млн теңгеден астам көлемде заңсыз табыс тапқан. Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған.

Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда.

Министрліктің хабарлауынша, шетелге жасырыну әрекеттері қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды — іздеуде жүрген әрбір адам ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. 

Еске сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандық танымал блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жариялады.

Айта кетейік, Қайсар Қамза – әлеуметтік желілерде кеңінен танымал блогер. Оның Instagram парақшасында 2,6 миллионнан астам оқырманы бар, ал TikTok-тағы жазылушыларының саны 340 мыңнан асады.

Қайсар Қамзаға не үшін іздеу жарияланды: істің мән-жайы

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінуде.

Күдікті 5 жыл бойы «Instagram» әлеуметтік желісінде, «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ «Telegram»-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.

Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан азаматтары үшін «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.

Осылайша, блогер азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған.

Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған.

 Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий