Хан тамада 10 тәулікке қамауға алынды: істің мән-жайы
Маңғыстау облысының Ақтау қаласында «Хан Тамада» лақап атымен танымал шоумен Қасым Утешев әйеліне жақындамау туралы полицияның қорғау нұсқамасын қасақана бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz сот кабинетінің мәліметіне сүйеніп.
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысына сәйкес, оқиға 2026 жылдың 21 мамырында кешкі сағат 17.38 шамасында 15-шағын аудандағы пәтерлердің бірінде болған. Тамада өзінің азаматтық некедегі жұбайының ар-намысына тиетін былапыт (ит, мал) сөздер айтып, отбасылық жанжал шығарған. Осылайша ол ішкі істер органының 13 мамырда шығарған қорғау нұсқамасын бұзып, полицияның ресми тыйымын елемеген.
Сот отырысы барысында Қасым Утешев өз кінәсін мойындаудан бас тартып, жағдайды басқаша түсіндіруге тырысты.
«Сот мәжілісінде К.Е.Утешев кінәсін мойындамай, А.Ж.Курбановаға қатысты қандай да бір құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасамағанын, керісінше өзі айқай-шуды бастап, полиция қызметкерлеріне соғатынын айтып, қорқытқаны жөнінде түсініктемесін берді», — делінген қаулыда.
Алайда әйелі болған оқиғаны толық растап, соттан күйеуіне заңға сәйкес қатаң жаза тағайындауды сұрады.
«Сот мәжілісінде А.Ж.Курбанова болған оқиғаны растап, К.Е.Утешевке заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды сұрап, себебі оқиға күні отбасылық жанжал шығарғанын, дос қызы Г.Дүйсенгалиеваның көзінше ар-намысына тиетін «ит, мал» деген былапыт сөздер айтқаны жөнінде түсінік берді», — деп жазылған қаулыда.
Әйелінің сөзін оқиға орнында болған құрбысы мен хаттама толтырған полиция инспекторы да растады. Куәгердің айтуынша, ол пәтерге ұялы телефонын алуға барған кезде ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс пен былапыт сөздерді өз көзімен көріп, құлағымен естіген.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ғаламторда тамада мен оның жұбайының интимдік видеосы тарап кетіп, олар көпшіліктің қызу талқысына түскен болатын. Осы оқиғадан кейін отбасындағы жағдай ушығып, полиция 13 мамыр күні Қасым Утешевке қатысты жұбайын іздестіруге, онымен кез келген байланысқа түсуге және денсаулығына зиян келтіруге тыйым салатын қорғау нұсқамасын шығарған еді.
Іс материалдарын мұқият қараған судья шоуменді кінәлі деп тауып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады. Қаулы бойынша қамау мерзімі 22 мамырдан бастап есептелгендіктен, қазіргі уақытта Қасым Утешев тиісті жазасын өтеп, бостандыққа шықты.
Соңғы жаңалықтар