Іздеуде жүрген Рысқалиев Атырау облысының жаңа әкіміне үндеу жасады
Іздеуде жүрген экс-әкім Бергей Рысқалиев Атырау облысының жаңа басшысын құттықтап, үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол өз құттықтауын Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Өз үндеуінде Бергей Рысқалиев Болат Ақшолақовтың басқару саласында мол тәжірибесі бар, сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібін терең меңгерген білікті маман екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай кәсіби тәжірибе мен басқарушылық қабілет бүгінде Атырау облысына аса қажет.
Сондай-ақ бұрынғы өңір басшысы облыс әкімінің халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, жылдар бойы қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуі, өңір дамуының басым бағыттарын дұрыс айқындауы және қабылданған әрбір шешім үшін жеке жауапкершілік арқалауы маңызды екенін айтты.
«Ол басқару саласында мол тәжірибеге және мұнай-газ саласын терең білетін білікті маман. Оның кәсіби білімі мен тәжірибесі дәл Атырау өңірінің өзекті мәселелерін шешуде сұранысқа ие болатынына сенімдімін. Бүгінде халықтың үніне құлақ асып, қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу, басымдықтарды дұрыс айқындау аса маңызды. Тиімді жұмыстың негізгі – дұрыс ұйымдастыру, орындалуын тұрақты бақылау және қабылданған шешімдер үшін жеке жауапкершілікті мойынға алу.
Облыс әкімі өңірлік мәселелердің басым бөлігін шешуге жеткілікті өкілеттікке ие. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, биліктің барлық тармақтарын осы мәселелерді шешуге жұмылдыру, өңір тұрғындарының барлық санатымен үздіксіз әрі нәтижелі жұмыс жүргізу», - деп құттықтады Рысқалиев.
Ол жаңа әкімге Атырау облысы тұрғындарының игілігі жолындағы жұмысына сәттілік тілеймін.
Бұл құттықтау қоғам назарын аударды. Себебі Бергей Рысқалиев Қазақстандағы кадрлық тағайындауларға қатысты өте сирек пікір білдіреді. Ашық дереккөздерде оның Болат Ақшолақовпен бұрын бірге қызмет атқарғаны немесе бір басқару командасының құрамында болғаны жөнінде ешқандай мәлімет кездеспейді. Екеуінің кәсіби жолы қатар өрбігенімен, Рысқалиев Атырау облысын басқарған кезеңде Ақшолақов мұнай-газ саласында еңбек жолын жалғастырып, кәсіби мансабын қалыптастырған.
Бергей Рысқалиев 2006–2012 жылдары Атырау облысының әкімі болды. Қызметінен кеткеннен кейін оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады және бюджет қаражатын жымқырды деген айыптармен бірнеше қылмыстық іс қозғалды. 2019 жылы сот оны сырттай 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Рысқалиевтің өзі өзіне қатысты қылмыстық қудалаудың саяси астары бар екенін мәлімдеп келеді. Қазақстан билігінің мәліметінше, ол қазіргі уақытта шетелде жүр. Оны елге экстрадициялау мәселесі әлі күнге дейін түпкілікті шешілген жоқ.
Соңғы жаңалықтар