Каспийде суға батқан 27 жастағы ер адамның денесі табылды
Маңғыстау облысында бірнеше күнге созылған іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Құтқарушылар Каспий теңізіне батып кеткен 27 жастағы ер адамның денесін тапты. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, марқұмның денесі 26 маусым күні сағат 18:30 шамасында Ақтау қаласынан 65 шақырым қашықтықта, демалыс базаларының бірі маңынан табылған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖД-ның қызметкерлері мен құтқарушылары, арнайы техника және жүзу құралдары, сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының 3502 әскери бөлімінің сүңгуірлері мен Әскери-теңіз күштерінің мамандары жұмылдырылды.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 21 маусым күні Ақтаудан 56 шақырым жердегі жабдықталмаған жағалау аумағында болған. 27 жастағы ер адам Каспий теңізіне шомылу кезінде суға батып кеткен.
Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылып, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар