Kazakhmys Smelting өндірісті ұлғайтып, Жезқазғанда жаңа кешен салмақ
Kazakhmys Smelting металлургиялық дивизионы өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтып, алдағы уақытта Жезқазғандағы зауытта жаңа күкірт қышқылы кешенін салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша компанияның тазартылмаған мыс өндірісі 13 пайызға және күкірт қышқылын шығару 11 пайызға өсіп, соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетсе, шихта өңдеу деңгейі тарихи максимумды көрсетті.
Мұндай нәтижеге технологиялық үдерісті тұрақтандыру мен жөндеу жұмыстарын жүргізу және өндірістік қуатты арттыру арқылы қол жеткізген кәсіпорын шикізатпен тұрақты қамтамасыз етілген жағдайда 2026 жылы өндірісті одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр.
Өндіріс көлемі артқан сайын металлургиялық қуатты жаңғырту мен мекемелерді экологиялық талапқа сай жаңарту жұмысы жалғасып, оның аясында Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы кешені салынады. Бұл нысанның іске қосылуы қалдық газдарды кәдеге жарату деңгейін едәуір арттырып, күкірт диоксиді шығарындыларын 90 пайызға дейін төмендетеді және қолданыстағы табиғатты қорғау талаптарына сәйкестікті толық қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда кәсіпорынның дамуы өндірістік көрсеткіштің өсуі, техникалық жаңғырту және экологиялық жүктемені кезең-кезеңімен төмендету сынды негізгі факторларға негізделген.
Осылайша компания өндірістің тиімділігін арттырып, ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілікті сақтау мақсатында өндірісті жаңарту жұмыстарына басымдық беріп отыр.
Соңғы жаңалықтар