Кейбір ата-ана соңғы қоңырауда қыздарына сыйлаған гүлін несиеге алған – депутат

03.06.2026 16:29 Әсел МҰРАТ
Кейбір ата-ана соңғы қоңырауда қыздарына сыйлаған гүлін несиеге алған – депутат
230
Фото: әлеуметтік желіден

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы еліміздегі мектеп бітіру кештеріне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Биылғы соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат автокөліктен құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережесі өрескел бұзылды. Алматы қаласында мектеп түлектерінің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты насихаттаған видео кеңінен тарады», - дейді депутат.

Оның айтуынша, мәселе тек автокортеждермен шектелмейді. Депутат сондай-ақ соңғы қоңыраудағы алып гүл шоқатырна қатысты да ойын ашық айтты.

«Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс – мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды. Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрсетілді», - дейді депутат.

Мәжілісмен кейбір ата-аналар баласының қатарынан қалмауы үшін гүлді несиеге алғанын да айтты.

«Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-аналар баласының қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық алуға мәжбүр болғанын ашық айтылуда. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі.Біз балаларға білім мен еңбектің құндылығын емес, қымбат көлік пен қымбат гүл арқылы мәртебе көрсетуді насихаттап жатқан жоқпыз ба?», - дейді мәжілісмен.

Осыған байланысты «AMANAT» фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, нақты бірнеше ұсыныс жасады. Олар:

  • мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеу;
  • соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде орынсыз сән-салтанатқа жол бермеу бойынша нақты тетік енгізу;
  • білім беру ұйымдарында әлеуметтік бәсекені емес, тең мүмкіндіктер мен рухани құндылықтарды дәріптейтін түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Войдите, чтобы оставить комментарий