«Кінәлі деуге болмайды»: Сұлтан Сәрсемәлиевтің адвокаты күтпеген мәлімдеме жасады
Атырауда бұрынғы әйелінің ата-анасы мен туған бауырының өліміне қатысты айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемәлиевтің адвокаты Асан Жұмабаев оны тегін қорғап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Жанат Жақсыбайқызына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Адвокаттың сөзінше, заңнамаға сәйкес қорғаушылар қайырымдылық және қоғамдық негізде тегін құқықтық көмек көрсетуге құқылы.
«Адвокаттың өзінің құқығы бар. Қайырымдылық әрі қоғамдық негізде адвокат тегін қызмет көрсете алады. Мен сол негізде тегін қызмет көрсетіп отырмын. Әлеуметтік көмек қайырымдылық негізде көрсетіліп жатыр», – деді Асан Жұмабаев.
Сондай-ақ қорғаушы Сұлтан Сәрсемәлиев сот барысында кінәсін мойындағанымен, соттың заңды шешімі шыққанға дейін оны кінәлі деп атауға болмайтынын атап өтті.
Журналистер бұл мәселеге қатысты бірнеше рет нақтылау сұрақтарын қойғанымен, адвокат өз ұстанымын өзгерткен жоқ.
«Сот үкімі заңды күшіне енбейінше, адамды кінәлі деп тануға болмайды», – деген ұстанымын қайталаған ол қорғауындағы азаматқа қарсы пікір білдірмейтінін жеткізді.
Асан Жұмабаевтың айтуынша, ол адвокат ретінде өз міндетін заң талаптарына сай орындап жатыр.
Соңғы жаңалықтар