Көкшетауда колледж қаржысын жымқырған қызметкер пәтер мен көлік сатып алған
Көкшетау қалалық сотында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша колледж есепшісіне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тергеу мәліметінше, Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің есепшісі 2021–2025 жылдар аралығында қызметтік жағдайын пайдаланып, жүйелі түрде қаржы жымқырып отырған. Ол басшының электрондық цифрлық қолтаңбасын қолдана отырып, «Online Bank» жүйесі арқылы колледж қажеттіліктеріне арналған қаражатты түрлі сылтаумен өз шотына аударып отырған. Сонымен қатар, өзіне белгіленген мөлшерден тыс жалақы есептеген.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 70 млн теңгені құраған. Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, алынған қаражатты несиелері мен қарыздарын өтеуге, сондай-ақ автокөлік, пәтер және автотұрақ сатып алуға жұмсағанын айтқан.
Сот оның шын жүректен өкінгенін және кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Қазіргі таңда сотталушы 5 млн теңгені қайтарған.
Сот үкімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның иелігіндегі автокөліктер мен автотұрақ мемлекет пайдасына тәркіленді. Қалған 65 млн теңге мемлекетке өндірілетін болды.
Алайда, сот сотталушының жалғызбасты ана екенін ескеріп, жазаны өтеуді 2027 жылғы 22 сәуірге дейін кейінге қалдырды.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар