Көкшетауда Ресей президентінің сапарына қарсылық білдірген белсенді босатылды
Көкшетау қаласында Ресей басшысының Қазақстанға сапарына қарсылық танытып, плакатпен суретке түскен белсенді Марат Жанұзақовты полиция қызметкерлері ұстап, кейін босатып жіберді, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Оқиға 27 мамыр күні болған, тәртіп сақшылары азаматты әлеуметтік желідегі жазбасы үшін бөлімшеге жеткізіп, екі-үш сағаттан соң үйіне қайтарған. Белсендінің айтуынша, оны Владимир Путиннің мемлекеттік сапары қарсаңында Facebook желісінде жариялаған пікіріне бола ұстаған.
«Мені төрт кісі аңдып отыр екен. Солар алып кетті. Сәтпаевтағы полицияда екі-үш сағаттай болдым. Сұрақтар қойды. Экстремизммен күрес бөлімінің бастығы. “Не үшін шығасыз?”, “Неге плакат жаздыңыз”, “Сізді суретке кім түсірді? Өшіріп тастағаныңыз дұрыс болушы еді”деді. Прокуратураның адамдарын тосты. "Қазір келеді, қазір келеді "деумен болды. Ақыры ешкім келген жоқ. Түнгі 10 жарымдарда қоя берді», – деді Марат Жанұзақов.
Бұл азаматтың алғашқы қарсылығы емес, ол 2024 жылы да Владимир Путиннің келуіне наразылық білдіріп, плакатпен шыққан болатын. Ол кезде сот белсенді мен тағы екі адамды ұсақ бұзақылық бабымен кінәлі деп танып, әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салған еді.
Соңғы жаңалықтар