Көлік алу жеңілдей түспек: депутат сүйінші жаңалықты жеткізді
Мәжіліс депутаты Respublica партиясының мүшесі Олжас Құспеков 1 желтоқсаннан бастап елімізде азаматтарға арналған автолизинг бағдарламасы іске қосылатынын жеткізді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Жаңа құрал азаматтарға көлікті лизингке алып, кейін оны сатып алу немесе кері қайтару мүмкіндігін береді. Бұл механизм жеңілдетілген автонесие бағдарламасына балама ретінде қарастырылып отыр.
Механизмді сауда және интеграция министрлігі әзірлеген. Ол ішкі сауда ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасына қосылып, «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған.
Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, Respublica партиясы автолизинг жүйесін азаматтар үшін енгізу туралы ұсынысты алғаш рет 2023 жылы көтерген.
«Көптеген қазақстандықтар үшін көлік сатып алу – үлкен қаржылық салмақ. Барлығы бірдей қымбат несие ала алмайды немесе алғашқы жарнаны жинауға жылдар қажет болады. Біз бұл мәселені екі жыл бұрын көтердік, енді ол іс жүзінде жүзеге асып отыр», – деді депутат.
Үкімет автолизингті ішкі сұранысты ынталандыратын және отандық автокөлік өндірісін қолдайтын құрал ретінде қарастырады. Бұған дейін де жеңілдетілген автонесие мен өндірушілерді қаржыландыру бағдарламасы іске асқан болатын.
Соңғы жаңалықтар