Колонияда қайтыс болған әкім туысының ісі сотқа жетті

28.08.2026 10:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Колонияда қайтыс болған әкім туысының ісі сотқа жетті
53
Фото: freepik.com

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында №15 мекемеде көз жұмған 51 жастағы Дабыл Жәрдемұлының өліміне қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.

Сотталушылар орындығында бес жазасын өтеуші отыр. Бұл процесте назар аударарлық бір жайт бар. Қылмыстық істі судья Зарема Хамидуллина қарайды. Осыдан 3 жыл бұрын дәл осы судья марқұмды 25 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Ол кезде ер адам айыпталушы болса, қазіргі жаңа істе жәбірленуші ретінде танылып отыр.

Алғашқы сот отырысы 27 тамызда сағат 11.00-де өтті.

Еске салайық, 2023 жылы ер адам Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі және 124-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Ол 5 және 8 жастағы екі өгей қызын зорлап, азғындық жолға түсіргені үшін сотталған.

Дабыл Жәрдемұлы жазасын Атыраудағы №15 мекемеде өтеп келді. 2026 жылдың 22 наурызында камераластар арасында жаппай төбелес шығып, 51 жастағы ер адам сол қақтығыс кезінде қаза тапты.

Осы оқиғадан кейін колония басшысы жұмыстан шығарылып, мекеменің 12 қызметкері жазаланды. Енді сот алдағы уақытта жаппай төбелестің мән-жайын және әрбір айыпталушының рөлін анықтауы тиіс.

Марқұммен қоштасу 25 наурызда «Иманғали» орталық мешітінде өтті. Жаназа намазына жүздеген адам, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де қатысқан. Кейін сотталушының Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкинге алыс туыс болып келетіні белгілі болды.

Бұған қатысты әкімдік өкілдері олардың тегі мен әкесінің аты екі түрлі екенін және заң бойынша жақын туыс санатына жатпайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аса ауыр қылмыс жасаған адамға неліктен жаназа оқылғанын түсіндіріп берген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий