Атырауда әкім педофил туысының жаназасына қатысты: әкімдік не дейді

23.04.2026 13:00 Әсел Мұрат
Атырауда әкім педофил туысының жаназасына қатысты: әкімдік не дейді
344
Фото: gov.kz

Атырау әкімдігі сотталған адамның асына барған қала басшысы Шакир Кейкиннің туыстық қатысы мен оның жаназаға қатысуы туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Ақ Жайық» редакциясының сауалына қала әкімі емес, әкім аппаратының басшысы Айбек Қадыралиев жауап берді.

Айбек Қадыралиев «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңдарына сілтеме жасап, жақын туыстар санатына кіретін тұлғалардың тізбесін келтірді. Бұл қатарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар мен асырап алынғандар, аға-інілер мен апа-сіңлілер, ата-әжелер, немерелер, ерлі-зайыптылар, сондай-ақ құдалық қатынастағы туыстар жатады.

Жауапта Дабыл Өтегеновтің Қазақстан заңнамасына сәйкес жақын туыстар қатарына жатпайтыны атап өтілген.

Сонымен қатар, қала әкімі ақтық сапарға шығару рәсіміне жұмыстан тыс уақытта қатысқан.

«Ақтық сапарға шығару шараларына қатысу – әрбір азаматтың жеке құқығы. Қызметтік тәртіп талаптары сақталған жағдайда бұл құқық мемлекеттік қызмет туралы заңнамамен шектелмейді. Сондай-ақ қазіргі таңда қосымша түсініктеме берудің қажеттілігі жоқ», – делінген әкім аппараты басшысының жауабында.

Айта кетейік, тергеу изоляторында өлтірілген 51 жастағы Дабыл Жәрдемұлы Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің алыс туысы болып шықты.

Куәгерлердің айтуынша, жерлеу рәсіміне жүздеген, тіпті мыңға жуық адам барған. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де болған. Марқұмның отбасы қылмыстық істің мән-жайын жасырғандықтан, жаназаға келгендердің көбі оның қандай қылмыс жасағанын білмеген.

Дабыл Жәрдемұлы кәмелетке толмағандарды зорлау және азғындату баптары бойынша кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жәбірленушілер оның екі өгей қызы болған.

Үкім заңды күшіне енбегендіктен, ол түрмеге жөнелтілмей, тергеу изоляторында отырған. Ресми мәліметке сай, ер адам изолятордағы жаппай төбелес кезінде өлтірілген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий