"Куәгерлер болмауы үшін күн батқанын күткен": сотта Наурыздың өліміне қатысты тың дерек айтылды

28.05.2026 13:17 Мөлдір Қайнар
810
Фото:Tengrinews.kz

Атырауда төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты негізгі сот процесі басталды. Айыпталушылар орнында – қаза тапқан отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот барысында прокурор айыптау актісін оқып, қылмыстың бір эпизоды – айыпталушының бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі туралы айтты.

Тергеу мәліметінше, Наурыз Мұқанғалиев бір жылдан астам уақыт бұрын Атырау маңындағы Геолог шағынауданында жалдамалы үйде өлтірілген. Оның денесі қылмыстан кейін 6–8 ай өткен соң ғана табылған.

Іс материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмның денесін өзі жалдап тұрған үйдің ауласына көмген. Тергеу дерегінше, ол түн ортасында куәгерлер болмас үшін күрек алып шығып, үй ауласының оңтүстік бөлігінен қабір қаза бастаған.

Прокурордың айтуынша, қабір үйдің іргетасынан небәрі 60 сантиметр жерден қазылған. Түнгі сағат үштер шамасында айыпталушы тереңдігі шамамен бір метр, ені 80 сантиметр болатын шұңқыр дайындап, мәйітті сол жерге көмген.

Сонымен қатар Сәрсемалиев марқұмның жеке заттарын – жеке куәлігін, банк картасын, ұялы телефоны мен қолма-қол ақшасын алып кеткені айтылды. Кейін ол үйді мұқият тазалап, қан іздерін жойған.

Прокурордың мәліметінше, қылмыс қаруы болған асүй пышағы мен мәйіт оралған кілем кейін үйден алыс жердегі қоқыс алаңына шығарылып, өртелген.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, мәйіт ұзақ уақыт жер астында жатқандықтан денеде қатты шіру процесі жүрген. Бұл өлімнің нақты себебін анықтауды қиындатқан.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс бұрынғы жұбайының туыстарымен ұзаққа созылған жанжал аясында болған. Негізгі келіспеушіліктер балалардың тәрбиесі мен тұрғылықты жеріне қатысты туындаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий