Күтпеген брифинг: Бектеновтің журналистер алдына алғаш рет шығуының себебі не?

Күтпеген брифинг: Бектеновтің журналистер алдына алғаш рет шығуының себебі не?
18.07.2025 11:23
0
265
Сурет: Informburo.kz

Күтпеген брифинг: Бектеновтің журналистер алдына алғаш рет шығуының себебі не?

Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов пен оның орынбасарларының 15 шілдедегі брифингі көпшілік күтпеген жаңалық болды. Қазнетте брифинг әлі қызу талқылануда. Бір жарым жыл журналистермен бетпе-бет кездеспеген премьер-министр неге қазір бой көрсетті? Мұның саяси астары бар ма, әлде алдын ала жоспарланған шара ма?

Брифингті өткізудің үш себебі

Олжас Бектенов 2024 жылдың ақпанынан бері премьер-министр қызметін атқаруда. Алайда осы уақытқа дейін журналистермен бетпе-бет кездеспеген еді. Сондықтан БАҚ беттерінде «жабық премьер-министр» деп аталып кетті. Бірақ 15 шілдеде күтпеген жерден ашық баспасөз-конференциясын өткізді.
Брифинг тікелей эфирде PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүрді. Жалғыз өзі емес, 4 орынбасары (Р. Скляр, С. Жұманғарин, Е. Көшербаев және Қ. Бозымбаев) да қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. 
Шараның өтуі туралы хабарлама PrimeMinister.kz сайтында 14 шілдеде жарияланды. Сондықтан жылдың басында немесе 2024 жылы 6 ақпанда тағайындалған кезде жоспарланған шара емес екені түсінікті. Премьер-министрдің журналистердің алдына шығуының үш себебі болуы мүмкін:

1. Брифинг алдын-ала жоспарлануы мүмкін. Мемлекеттік органдардың әр тоқсан, жартыжылдықта есеп беруі қалыпты саяси процесс. Сондықтан саяси астары жоқ секілді болып көрінеді. Қала берді журналистердің алдына шыққанға дейін Үкімет отырысы болды. Онда 2025 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Сондықтан брифинг алдын-ала жоспарланған болуы мүмкін. Неге осы уақытқа дейін өткізбеді деген сұраққа келер болсақ, премьер-министр экономист емес, сондықтан өз стратегиясын анықтауға және Үкімет жұмысымен танысуға ұзақ уақыт кеткен секілді. 
Бірақ журналистердің алдына шықпай-ақ, отырыс қорытындысы бойынша пресс-релиздерді таратса да жеткілікті болар еді. Ендеше не үшін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді? 
2. «Алакөл кейсі» әсер етті ме? 10 шілдеде президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде мемлекет басшысының Алакөл маңындағы жағдайды реттеу бойынша Үкіметке тапсырма бергенін хабарлады. Биыл жыл басынан бері президенттің шенеуніктерге айтқан әр сынынан кейін сол саясаткер көп ұзамай қызметтен кетуде. 30 наурызда Алматыға сапарының қорытындысы бойынша экс-әкім Е. Досаевтың жұмысын сынға алған еді. Кейін бір ай өтпей 24 мамырда оны қызметінен босатты. 
Ал 14 мамырда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында экс-көлік министрі М. Қарабаевқа сөгіс жариялады. Кейін 8 маусымда ол да қызметтен кетті. 
Президент Алакөлдегі жағдай бойынша Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған еді. 11 шілдеде О. Бектенов туризм саласы бойынша Үкімет отырысын өткізді. 15 шілдедегі тікелей эфирдегі брифинг президенттің сынынан кейін қабылданған шешім болуы мүмкін. 
3. О. Бектенов қызметтен кетуі мүмкін бе? 2024 жылдың екінші жартысынан бері ақпараттық кеңістікте қазіргі премьер-министрдің басқа қызметке кетуі мүмкін деген қауесет тарауда. Бұл мәселеге Үкімет басшысы брифингте де жауап берді. Егер бұл қауесет шынымен рас болса, брифинг арқылы өз жұмысын қорытындылауды мақсат етуі мүмкін. 

Осылардың ішінде екіншісі ақылға қонымды, шындыққа келеді. «Алакөл кейсі» мен оған президенттің реакциясы Үкіметтің жаңа әдіспен жұмыс істеуіне түрткі болды. Алдағы уақытта Премьер-министрден бастап барлық министрлер осындай форматта жұмыс істеуі мүмкін. 

Журналистер қандай мәселе көтерді?

Жиынға 50 БАҚ пен 100-ге жуық журналист қатысқан. Алдын ала бекітілген регламент бойынша 45 адам сұрақ қоюға тіркелген. Әрқайсысы 2 сұрақтан қоюға мүмкіндік берілді. Қойылған сұрақтарды талдап мынадай қорытынды шығаруға болады:

  • Сұрақтар әралуан және сыни бағытта да бар. Бұл Үкіметтің Баспасөз қызметінің көтерілетін мәселелерді алдын ала сүзгіден өткізбегенін көрсетеді. Әдетте мұндай тәжірибені көптеген мемлекеттік органдар қолданады. 
  • Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік-экономикалық сипатта. ЖІӨ-ң өсуі, жаңа Салық кодексі, халықтың күнкөрісі мен әлеуметтік жағдайы және т.б. Дегенмен Қаңтар оқиғасы, Ескі Қазақстан, активтерді қайтару, ірі бизнестің жауапкершілігі секілді саяси мәселелер де көтерілді. 
  • Сұрақтардың басым көпшілігіне О. Бектеновтің өзі жауап берді. Бұл премьер-министрдің жауапкершікті өз мойнына алғанын немесе журналистердің Үкімет басшысына сұрақ қоюға ниетті екенін көрсетеді. 

Қазақстан үшін осындай форматтағы билік пен қоғамның диалогын орнату өте маңызды. Әсіресе орталық және жергілікті атқарушы органдар халықпен тікелей диалог форматына өтуі тиіс. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0, Дереккөз: Politico.kz

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий