«Күйеуім қатерлі ісікке шалдыққан»: Бишімбаевтың анасы сотта жылап жіберді
Астанада 1 миллион доллардың алаяқтық ісі бойынша сот өтіп жатыр. Істе жәбірленуші – сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова. Бүгін ол сотта жауап алу кезінде көзіне жас алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«Күйеуім екеуміз үйде өте ауыр жағдайда болдық. Мұндай жайт болады деп ешкім ойлаған жоқ. Жасымыз да келді, қатты күйзелдік, тіпті жедел жәрдем шақырған кездер болды. Халіміз өте нашар еді: күйеуім қатерлі ісікке шалдыққан, жүрегі сыр береді. Тәулік ұлымыздың тағдыры не болады деп уайымдаумен болдық. Егер мені қамауға алса, не болады?» – деді ол сотта.
Бүгін прокурор айыптау актісін оқып шыққан соң, судья Назгүл Бапақова айыпталушы Бекзат Кемеловадан айыппен келісетін-келісінбейтінін сұрады. Ол өз кінәсін мойындамайтынын айтты.
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өз туыстары – Қайрат және Бекзат Кемеловтермен соттасып жатыр. Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова Бекзат Кемелованы шамамен 1 миллион доллар көлеміндегі алаяқтық жасады деп айыптаған, ал күйеуі «жала жапты» деген.
Биыл мамырда Бишімбаевтың ата-анасы сотта жеңіп шықты. Бірақ олардың талабы толық қанағаттандырылған жоқ: сот жауапкерге таратқан мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеп, талапкерлердің әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы тағайындады.
Жақында Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстарына қайтадан сотқа шағым түсірді. Экс-шенеуніктің анасы Бекзатты шамамен 1 миллион долларлық алаяқтық жасады деп айыптаудан танбай отыр.
Соңғы жаңалықтар