"Күйеуіммен ажырастырған - енем": танымал актриса мәлімдеме жасады

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал актриса Гүлбаушан Тілеубекова “Алғашқы” бағдарламасына берген сұхбатында өз өміріндегі қиын сәттер мен өнер жолындағы күресін ашық айтты.
Өнер иесі алғаш рет жұртқа бұрынғы отбасылық өмірі жайлы сыр шертіп, енесінің әртістік жолына қарсы болғанын жеткізді.
«Жолдасым Әшірбек – өте мықты жігіт. Суретші, зергер еді. Ол Шымкенттің жігіті болатын. Ол жақтың салт-дәстүрі өзгеше. Аз тұрдық. Қызымның кішкентай кезінде ажырасып кеттік. Енем маған “сен әртіс емес, мұғалім бол” деп айтты. Мен қалай мұғалім боламын? Әке-шешем мені 7 жыл оқытты. Мен сахнаға шығуым керек», – деп еске алады актриса.
Гүлбаушан Тілеубекованың айтуынша, өнерге деген сүйіспеншілігі оның өмірлік таңдауларына айтарлықтай әсер еткен.
«Шымкентте солай ғой. “Сен шықпа, саған болмайды. Сен үйде отыруың керек. Ақшаны күйеуің тауып әкеледі. Осы үйде бала туып, бағып отыруың керек” дейтін. Ал менің ата-анам сонша жыл оқытқан соң, еңбегінің жемісін көруі тиіс еді. Не үшін оқыдым? Мен сахнаға шықпасам ауырамын», – деді ол.
Өнер иесі отбасындағы түсініспеушіліктердің соңы ажырасуға алып келгенін жасырмай айтты.
«Жолдасым да өнердің адамы ғой, ол да мені түсінуі керек еді. Бірақ енем жолдасыммен ажырастырды. Махаббатпен қосылдық, ол да кезінде білімді, шебер жігіт болатын. Екі жақта да керемет той болды. Бірақ бір-бірімізді түсіне алмадық», – дейді Тілеубекова.
Актрисаның айтуынша, ол ешқашан өнерден бас тарта алмады.
«Мен оған: “Мен саған әйел бола алмаймын. Үйде отыра алмаймын. Мен өнерге барам, бірақ тамағыңды, киіміңді, жағдайыңды жасап отырамын. Сахнаға шығуым тиіс” дедім. Сахна – менің өмірім. Онсыз мен өзімді толық сезінбеймін», – деді өнер иесі.
Бүгінде Гүлбаушан Тілеубекова бұрынғы жолдасымен байланысын үзбегенін де айтты.
«Қазір оның өз отбасы бар. Қыздарым араласып тұрады. Мен оған қарсы болмадым», – дейді актриса.
Соңғы жаңалықтар





