"Күйеуімнен қиындық көрдім". Гүлзира Айдарбекова шынын айтты
Продюсер Гүлзира Айдарбекова отбасылық өмір, ажырасу және қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөліне қатысты өз пікірін білдірді. Ол бүгінде ажырасуды насихаттайтын контент көбейіп кеткеніне алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оның сөзінше, кейбір әйелдер жеке тәжірибесін көпшілікке үлгі етіп, жастарға теріс әсер етуде.
“Күйеуімнен қиындық көрдім, ұрды-соқты, шыдап келдім, түк таппадым да ажырастым. Ажырасқанда қиналдым, кейін жұмыс істедім, қазір көтерілдім — виллам бар, джип бар деп жұртқа сабақ сатады. Содан кейін жастардың миы айналады”, – деді ол.
Гүлзира Айдарбекова мұндай әңгімелер отбасындағы татулыққа сызат түсіріп, ене мен келіннің, ер мен әйелдің арасына от салатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұрынғы буын әйелге сабыр мен сыйластықты басты құндылық етіп үйреткен.
“Бізге аналарымыз әйелдің бір табан кішірейіп тұру керектігін, ата-ене мен азаматты сыйлау қажет екенін айтатын. Қазір азаматтың қадірі қалмай барады, бәрін әйел басқаратын заманға айналды. Әр нәрсенің өз орны болуы керек”, – деп түйіндеді медиа маман.
Продюсер қыз бала үшін еркелейтін кезең де, ана болып, отбасының берекесін сақтайтын уақыт та бар екенін айтып, үлкендерді құрметтеу мен сабыр сақтаудың маңызын ерекше атап өтті.
Соңғы жаңалықтар