Мұқағали терезесі
1976 жыл. Аурухана. Мұқағали Мақатаев өмірінің ақырғы күндері. Парасат палаталарынан паң қалпымен қарап тұрар маңдай аурухана палатасы терезесінен түзге көз салады. Жап-жас. Өмір жаңа басталғандай еді ғой. Қырық төрт жыл деген не, тәйірі.
Палата терезесінен күз қарап тұр. Жапырақтар желге қарсылық көрсете алмай, қалтырайды. Көзіңді бір сәтке жұмсаң... терезеден сыртқа көз салған ақынның бұлыңғыр, көмескі сұлбасы көрінетіндей. Осы терезе – жанымен сүйген жарық дүниесі арасындағы ең нәзік перде және ең бір мызғымас қамалдай болған шекара. Бірқанша жыл бұрын Мұқағали дәрігерінен «аз ғұмырыңыз қалды» деген суық сөзді естіген. Сол сұрғылт жылдар... Ажалмен арбасқан жылдар өлмес жырларға айналып кетті. Ақын анасын еркелетіп Нақа дейтін. Нағиман анамыздың айтуынша, Мұқағали ақпанның тоғызында емес, наурыздың сегізі күні өмірге келіпті. Ақын өмірге келген сәттен аз уақыт өткенде Ұлыстың ұлы күні тойланған екен. Ақын сол көктемге ойша хат жазады. Өзінің көктеміне. Балалық шағының көктеміне. Бәлкім, әкесіз қарсы алған алғашқы көктеміне – жетім көктемге. Бәлкім, жүрегінен үзіліп түскен сағыныштың сарғалдақ гүлдері – Ләззат пен Майгүлдің көре алмаған жаралы көктеміне. Нәурізекке, бәйшешекке, өзінің қарлығашына. Қанатында қаршыға тырнағының ізі қалған нау құсына. Қанаты дал-дұл болып қамыққан жылдарға. Сазға тағы оралатын сарыала қаздарға. Ұйқысын өзі күзеткен аққуларына. Қыстыгүні жем іздеген көгершіндеріне.
«Бұрын ылғи құс сайрайтын
тереземнің алдында,
Ала қарға, қарқылдайды...
Нендей сиқыр бар мұнда?!
Көгершіндер, шымшықтар-ау...
Қайда кетіп қалдыңдар?
Аласапыран, абайсызда
айырылып қалдым ба?»
Жыл құстарын сағына күткен ақын жүрегі бүгін өзі де құсқа айналып ұшып кетердей аласұрады. Нені сезеді? Кімді іздейді? Қайда ұмсынады?
Аппақ парақтар аққанат құстарға айналып, ақынның кір шалмаған арындай, Алатауды бөктерлей ұшып, Алаш аспанына, адамзат аспанына бір-ақ көтеріліп кеткендей. Сол көктемде. Мұқағали көктемінде. Өзінің нағыз, шынайы өміріне. Әділетсіздіктер мен әбігері жоқ, күндестік пен көзбояушылық, бақастық пен бақталастық жоқ, шынайы әлемге, мәңгілік махаббат пен сағыныштың сұлу дүниесіне. Сол аққанат құс болашақты бетке алып ұшып кеткендей.
«Ауруым оңай болмаса керек. Егер дәрігерлер алдамаса, диагнозды дұрыс қойған болса, онда мені тек бір керемет күш қана сақтап қалады. Бұл жолы шынында да ауру екенімді мен өзім де ұғындым. Қатты жүдедім. Көңіл күйім нашар. Шаршадым, бүкіл өне бойым сырқат. Оның үстіне жарық деген кесел жабысыпты, қарғыс атқырдың қайдан пайда бола кеткенін білмеймін. Бұрын мүлде қаперімде жоқ нәрсе, әбден кедергі болды. Осы айдың аяғында операцияға белгілеп отыр... Менің денсаулығым қираған үй сияқты. Әзірше түзелген сиқым байқалмайды. Әсіресе таңға жуық қиын, кеудемді тас басып жатқандай ауыр, оң жақ қабырғамның астынан әлдене сыздайды. Бауыр ма, өкпе ме, білмеймін. Осыншама аурудың қайдан жабысқанын маған елестетудің өзі қиын». Өзі айтады. Күнделігінде.
Еш нәрсенің керегі жоқ!
Керегі жоқ, шаршадым!
Басымда ұйып тұрып алды
әлемдегі бар сағым,
Өніп-өскен топырағыма апарыңдар,
Тастаңдар,
Тауларымды, қара суды,
Қарасазды аңсадым.
Енді емделсем, туған жердің
топырағымен емделем,
Ескек желмен ентігімді басқанымды
жөн көрем.
Heгe керек сән-салтанат,
ию-қию, той-думан,
Таудың ерке тағысымын,
тағысымын мен деген.
Тіптен маған керегі жоқ,
керегі жоқ еш ненің.
Белгісіз-ақ болсын, мейлі,
өскенім де өшкенім.
О, киелі шаңырағым!
Айналайын астанам,
Алдыңда егер айыбым мен
күнәм болса, кеш менің!
Ал терезенің арғы жағынан бақ ішіндегі бұралаң жол көрінеді. Жол... Қара жол. Қасиетті қара жол. Әрі қарай... Қарасаздан басталған Мұқағали жолы. Шыңғыстау бауырынан басталған Абай жолындай. Илменау шыңының баурайындағы Гете жолындай. Хан Тәңіріне алып барар жол. Ақынның, ақындықтың азапты жолы.
Адамдықтың, азаматтың, кісіліктің қастерлі жолы. Қайбір жылдары осы жолмен әке майданға аттанған. Қара жол оны қайыра алып келген жоқ. Он жасар баланы ойда қалдырған жол осы. Алматыға жас Мұқағали кеткен жол. Қайсыбір жылы ақын да қайтып оралған жоқ. Бәрін көрген қасиетті қара жол. Бәріне көнген қасиетті қара жол. Мәңгілік сағыныштың жолы. Осы сағыныш жолының ақын өмірі мен шығармашылығының жеті соқпағын көреміз. Мағжанша айтқанда, «қанды ор болып қалатын» ақын жолының тарам-тарам көз жасындай жеті тарауы. Оның барлық өлеңі, жан дүниесі, ісі мен қарекеті, күйініші мен сүйініші, қайғысы мен қуанышында сұмдық сағыныштың сазы тұрады. Ақын шығармашылығы, өзі атап өткендей, біртұтас поэма болса, оның өзегі, лейтмотиві де осы, осы дастаннан сағыныш таңбасын анық байқаймыз.
Сол жол Шалкөде жайлауына алып барады. Жайлаудағы жас баланы аңғардыңыз ба. Тауға қарай беттеп барады. Ол біздің қиялымызда. Ал қаладағы қоңыр үйдің балконындағы ақын қандай күй кешеді?
«1973 жылдың 21-ші сәуірі. ...Бүгін таңертең балконға шығып едім, мұрныма ауылдың көктемінің иісі келді. Сонау «Айқайтастан» соққан жайлаудың самалының иісі келді. Сонау соғыс жылдары шешем екеуміз, әжем де бар, қой айдап жайлауға алғаш көшіп барған балауса, балғын шақ есіме түсті. Әлі мал аяғы таптамаған Шалкөденің жап-жасыл жазығы тұрды көз алдымда. Сол кезді, сол табиғатты бірінші рет маған көрсеткеніңе құлдық, тәңірім!»...
Мұқағали осы жайлауға, соғыс жылдарындағы ауыр әрі мехнатты жылдарға ойша қайта оралған шақта қан майданға аттанған әкенің артынан қарап қара жолдың бойында қарайып қалған бала кейпін тағы бір ойға алатын секілді. Соғыс уақытындағы ауыл, етегі жасқа тола жүріп еңбек еткен қауым, жалғызының жолына қарап жабыққан аналар, жолдасын жауға беріп, жаулығының ұшына сарғайып жас сіңген жар, бәрі-бәрі ақынның бала күнінен көрген, білген, жонарқасымен сезген өмірі, кешкен тағдыры. Соның бәрі – ақынның кейіпкерлері. Оның жырында жалғандық болмауы да сол, жалған кейіпкерді ойдан жасап, жасанды образдар сомдамауы да сол. Бәрі таныс, бәрі бауыр.
Әжесі Тиын мен анасы Нағиманның да сенгені – өзі, он жасар бала. Шаруаға ерте пісіп, еңбекке араласып, тіпті он сегіз жасында үйленуі де – сүйемесі жоқ үйге бір сүйеніш болуды ойлауынан шығар. Әкесіз өскен ұлдар ерте есейеді. Өмір есейтеді. Олар өзіне өзі әке болады. Ақынның өзі жырлағандай:
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ сол бір дауыл жылдар,
от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.
Мұқағалидың тікмінезділігі, бірбеткейлігі, қайсарлығы жайлы айтқанда, анасы болған Тиын әжемізден сіңген қасиет дейміз. Солайы солай-ау. Бірақ мұнда да әкесіздіктің, әке жүгін ерте алудың хикметі жатыр. Он бір жасында қолына қалам ұстатқан да жадағай жылдардың жұлқыма желі желбегей жамылған өмір шапанын дал-дұл етіп, жұлма-жұлмасын шығарғаны, әкеге деген алапат сағыныш, қозданған шоғы бір басылмас іштегі шер мен зардың салдары емес пе?!. Ақынның өзі «Күнделігінде»: «Жетіспеушілікте туып және үнемі жетіспеушілікте өмір сүру қандай өкінішті. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленем, қатты жәбірленем. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай жанай өтіп кетіпті. Санамда титімдей бip қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын» демеуші ме еді?!
Бала күннен тағдырдың тақсыретін көріп, тауқыметін тарқан жүректі алда әлі қандай азапты жылдар күтіп тұрғанын ойлаудың өзі жаныңды ауыртады. «Екі күю бір жанға әділет пе?» деген Абайдың сөзі ойға сап ете қалады. Сап еткен сол ой санаңды сарсаң етеді. Сарсаң ғасыр...
Ерлан Жүніс
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар
12.12.2024
09:27
Полиция Шерзат Полаттың үйін өртеген адамдарды ...
12.12.2024
09:10
2025 Жаңа жылға арналған құттықтау сөздер мен т...
11.12.2024
21:21
Шерзат Полат ісіндегі екі әйел куәгер болып кет...
11.12.2024
20:19
Марқұм Нұрқанат туралы тың деректер шықты
11.12.2024
19:48
Жаңа адамдар Бағлан Әбдірайымовқа өзімен жұмыс ...
11.12.2024
19:40
АШМ-нің субсидияларға жүргізілген аудит қорытын...