Маңғыстауда 26-дағы жігіт электр бағанасында тіл тартпай кетті

25.08.2026 13:55 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Маңғыстауда 26-дағы жігіт электр бағанасында тіл тартпай кетті
259
Маманның өліміне оның бастығы айыпталды/Суретте: Манас Қылышбаев

Маңғыстау облысында 26 жастағы электр монтері Манас Қылышбаев тоққа түсіп қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Информбюро 31 телебағдарламасына сілтемемен.

Қайғылы оқиға Форт-Шевченко қаласында орын алған. Марқұмның жақындары бұл оқиғаға оның бригада басшысын айыптап отыр. Олар бригада бастығы өзінің қызметін асыра пайдаланды деп санайды.

Марқұмның туыстарының сөзінше, басшы жас жігітті жұмыстан тыс уақытта өзінің үйіне жұмсаған. Ол қарамағындағы қызметкерге өз үйінің электр желісін жөндеткізген. Ал компания өкілдері электр маманы оқиға орнына жеке шаруасымен барған деп санайды.

Оқиға кезінде 26 жастағы жігітті жоғары вольтты тоқ соққан. Салдарынан ол электр бағанына жабысып калып, оқиға орнында көз жұмды. Марқұмның денесін кейін әріптестері төмен түсіріп алды.

Жігіттің жақындары оның бұл жұмысқа өз ырқымен барғаны туралы сөздерге келіспейді.

«Жаңағы жерге ол мастердің үйіне барған ғой столбтан фаза ауыстыруға ма, фазировка жасауға ма, сол жерге. Өз ырқымен барған «шабашка» жасап барған» деп жала жауып тұр ғой, сол мәселе ғой біздерді қинап тұрған. Экспертиза айтқанда: «жалпы көп тұрып қалған» деді бала, ісіп кеткен, жаңағы беліндегі пояс қысып қалған ғой сосын», – деді марқұмның әкесі Бекболат Балабаев.

Марқұмның жеңгесі де бұл оқиғада басшылық тарапынан қысым болғанын айтады.

«Мына бастығының үйінің жұмысын жасап отырып, ол бастығынан ақша алып жұмыс жасады деп мен ойламаймын. Басшылық құзыреттілігін пайдаланып, осы қарамағындағы жұмысшы Қылышбаев Манасты жұмысқа жұмсаған. Жұмыстан кейінгі уақытта. Енді ол бастық өзінің үйінің жұмысын жасатып отырып: «Мен баланы жұмсаған жоқпын» деген сөзіне мен келіспеймін», – деді марқұмның жеңгесі Келбет Иса.

«Маңғыстау өңірлік электр тораптық бөлу компаниясы» АҚ өкілдері Манас Қылышбаевтың жоспарлы жұмысты аяқтағаннан кейін оқиға орнына жеке көлігімен барғанын айтты. Мекеме бұл жерде ешқандай қызметтік тапсырма болмағанын алға тартады.

«Сол күнгі жұмысты Қызылөзен қосалқы станциясындағы жөндеу жұмыстарын толықтай орындап, жұмыс аяғында қызметтік көлікпен Форт бөлімшесіндегі бас қосалқы станция дейді, соған келген, оралған бригада. Сол уақытта GPS-тің деректері көрсетуі бойынша сағат 17:29, жұмыс аяғы. Сол жұмыс аяқталғаннан кейін жаңағы Манас Қылышбаев марқұм ол өзінің жеке автокөлігімен жаңағы оқиға орын алған жерге барған», – деді компанияның бас инженерінің орынбасары Нұралы Баймұханов.

Қазіргі уақытта басы дауға қалған бригада басшысы қызметінен шеттетілді. Компания өкілдері марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады. Оқиғаның мән-жайын еңбек инспекциясы мен полиция өкілдері тексеріп жатыр. Марқұмның жақындары тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлі тұлғалардың тиісті жазасын алуын талап етеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий