Маңғыстауда аурухана ақшасын жымқырып келген бас есепшіге сот үкімі шықты
Маңғыстау облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ал оның сыбайласына осы мерзімге бостандықты шектеу жазасы тағайындалды.
Прокуратураның тексеруі нәтижесінде Маңғыстау облыстық ауруханасында 32 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталған.
Тергеу барысында бас есепшінің танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшоттарына аударғаны белгілі болды. Кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген.
Сот шешімімен аурухананың бас есепшісі жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы есепшілік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Ал оның сыбайласына жеті жыл мерзімге бостандықты шектеу жазасы берілді.
Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Нұржігіт Асылмұраттың мәліметінше, бас есепші бюджет қаражатын 2024 жылдан бастап жымқырып келген. Ол Маңғыстау облыстық ауруханасында алты жыл жұмыс істеген.
Соңғы жаңалықтар