Маңғыстаудағы балабақша дауы - жұртты шулатқан бала қызметкердің ұлы болып шықты
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы балабақшада басқа балаларға "күн көрсетпеді" деген 6 жастағы ұл мекеме басшысының емес, қарапайым қызметкердің баласы болып шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жетібай ауылындағы балабақшадағы жанжалдың видеосы тарап, ата-аналар мекемеде директордың ұлы басқа балаларды қорқытып жүргенін айтып шағымданған болатын. Айтуынша, бұзақы басшының баласы болғандықтан тәрбиешілер бұл жағдайға көз жұма қараған.
Алайда облыстық полиция департаменті бұл даулы видеоға қатысты тексеру жүргізіп, істің мән-жайын түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, бұл мекемеде мүлде тәрбиеленбейтін 6 жастағы ұл тек анасының жұмыс орнында жүрген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары баланың анасына тәрбие берудегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғады.
Полиция бұл оқиғадан ешқандай баланың жарақат алмағанын мәлімдеді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары осы балабақшаның жұмысын толық тексеру үшін құзырлы органдарға арнайы ұсыныс жолдады.
Айта кетейік, Павлодарда балабақшада балаларды ұрып, шашынан жұлған тәрбиеші сотталған болатын.
Соңғы жаңалықтар