Мақсат Чаки: Қазақ, қырғыз, өзбек бірігіп ортақ тур ұйымдастыруы керек
Дүниежүзілік көшпенділер ойынының авторы әрі белгілі туризм сарапшысы Мақсат Чаки өңірдегі туризмді жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолын ұсынды. Ол Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерін бірлесе әрекет етіп, шетелдік меймандар үшін шекарасыз, ыңғайлы әрі біріңғай туристік маршруттар әзірлеуге шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
«Бауырлас елдердің басын біріктіріп, ортақ туристік жобалар мен біріңғай тұжырымдамаларды жүзеге асыру — заман талабы. Бұл идеяны тек қазақ пен қырғыз арасында ғана емес, Өзбекстанды да қоса отырып, үш жақты форматта дамытуымыз керек. Шын мәнінде, бүкіл әлемдік туризм нарығы бізден дәл осыны күтіп отыр. Еуропа тәжірибесіне үңілсек, Берлинге табан тіреген саяхатшы қаланы 2-3 күнде-ақ аралап бітеді. Содан соң туристер ары кетсе 2 сағаттық жердегі Брюссельге немесе 5 сағаттық жолдағы Парижге сапарлайды. Туроператорлар да бағдарламаны әу баста солай жоспарлайды. Біздің өңірге келетін шетелдік меймандардың да тілегі осы: «Бір келген соң арадағы ашық шекараны пайдаланып, көршілес елдерді де түгел аралап қайтайық» дейді. Өйткені біздің де арамыз тым жақын: Алматы мен Бішкек арасы — бар болғаны 2 сағаттық жол, Бішкек, Тараз және Ташкент бағыты — заманауи автобанмен 4–5 сағат қана, ал Тараздан Ташкентке дейін — ары кетсе бір-бір жарым сағат. Еуропа сияқты біздің геономиямыз да өте тығыз әрі ыңғайлы орналасқан», — деді Мақсат Чаки.
Сондай-ақ ол әр елдің туристік визит карточкасына айналған бірегей орындарын рет-ретімен жіктеп берді.
«Алматыға келген турист қаланы, Шымбұлақ пен Медеуді, Көктөбені бір-екі күнде көріп болған соң, бірден Қырғызстанның заңғар таулары мен Ыстықкөліне ынтығады. Ыстықкөлде болып, тау табиғатын тамашалағаннан кейін, ары қарай Ұлы Жібек жолының маржаны — Самарқан мен Бұқараны көргісі келеді. Міне, осы сұраныстың арқасында туроператорлар бұл процесті өздігінен бастап кетті. Соңғы 15 жылдың ішінде өңірде іс жүзінде туристік интеграция қалыптасты. Бүгінде Орталық Азияның бейресми туристік одағы бар деуге толық негіз бар. Алайда бұл әлі де тек бизнес деңгейінде қалып отыр. Ендігі басты міндет — осы бағытты мемлекеттік деңгейге көтеру. Астана, Бішкек және Ташкент билігі бұл бастаманы экономикалық әрі ресми тұрғыда қолдап, «Орталық Азия» немесе «Жібек жолы» деген ортақ брендпен халықаралық аренаға алып шығуы тиіс. Өйткені Ұлы Жібек жолының негізгі күретамыры мен жүрегі — дәл осы Орталық Азия», — деді сарапшы.
Сондай-ақ Мақсат Чаки шетелдік саяхатшылардың Орталық Азиядағы көне керуен жолдары мен Ұлы Жібек жолының тарихи іздеріне ерекше қызығушылық танытатынын алға тартты.
«Бұл көне сауда жолы Қытайдан басталып, Түркия, Еуропа мен Римге дейін созылғанымен, ең негізгі тарихи дәлізі біздің өңірде жатыр. Самарқан мен Бұқараны былай қойғанда, Қазақстандағы Шымкент мен Тараз — ежелгі керуен жолдары тоғысқан киелі мекендер. Біздің Таш-Рабатта биік таудың арасында арнайы керуен-сарай салынса, Баласағұн сияқты шаһарларымыз тағы бар. Ал менің туған жерім Талас өңірінің өзінде ілгеріде 9-10 қала болған. Шельджи сияқты байырғы шаһарларда керуендер аялдап, сауда-саттық қызған, заманауи тілмен айтқанда «халықаралық биржа» рөлін атқарған. Қысқасы, біз — Ұлы Жібек жолының дәл ортасындамыз, кіндігіміз, бас қаласымыз десек те болады. Осы әлеуетті халықаралық деңгейдегі ортақ брендке айналдыруымыз керек. Себебі шетелдік турист Жібек жолының шынайы рухын сезіну үшін Түркияға немесе Қытайға бармайды. Қытайда бұл жолдың аты болғанымен, тарихи атмосфераны сақтаған жәдігерлер аз. Ал Ұлы Жібек жолының тірі тарихы мен қайталанбас рухы тек Орталық Азияда ғана сақталған», — деді сарапшы.
Соңғы жаңалықтар