Тектанушы: Шежіресін білетін әрбір қазақ — аристократ
Қазақтағы шежіре дәстүрі мен Батыс психотерапиясындағы генограмма әдісінің өзара байланысы мен айырмашылығы қандай? Адамның генетикалық жады мен оның бірнеше ұрпаққа созылатын психологиялық әсері қалай зерттеледі? Бұл сұрақтарға тектанушы Әлия Нұрпақызы Сағымбаева жауап беріп, ұлттық шежіре жүйесі мен ғылыми генограмманың негізгі ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы тектанушы Әлия Нұрпақызы Сағымбаева журналист Гүлбаршын Заирға берген сұқбатында әңгімеледі.
«Осы тақырыпты терең зерттеп, жүйелі түрде айналысқаннан кейін ұққаным: әрбір қазақ өзінің шежіресін білуге тиіс. Бұл — біздің рухани, әлеуметтік, тіпті физикалық тірегіміз, өйткені шежіре — генетикалық жадымыз. Ал генограмманың шежіреден өзіндік айырмашылығы бар. Шежіре — қазақ халқының салты мен дәстүрінің негізі әрі тарихи сабақтастығы. Кеңес өкіметі тұсында, әсіресе Сталиннің билігі кезінде, генетика ғылымы үш мәрте репрессияға ұшырап, қуғын-сүргінді бастан кешірді. Ал Батыста бұл сала ғылым ретінде қарқынды дамыды», — деді тектанушы.
Маман батыстық ғылымда қалыптасқан «геносоциограмма» терминінің шығу тарихын түсіндіріп, оның қазақтың жеті ата қайыру дәстүрімен ұқсастығын атап өтті.
«Мен генограмма ұғымын алғаш естігенде, оның толық атауы «геносоциограмма» екенін білдім. Қысқартып «генограмма» деп атап кеткенбіз. «Социо» сөзі әлеуметтік аспектіні білдіреді. Генограмма әдісін батыстық психотерапевтер ойлап тапқан. Оны психотерапиялық кеңес беру тәжірибесіне ең алғаш енгізген — білікті маман. Соны оқығанда таңғалдым. Себебі Батыста тек монархтар — Ұлыбритания мен Испанияның патша әулеттері сияқты ақсүйектер ғана өз әулетінің шежіресін таратады. Ал қарапайым халық бұған аса мән бермейді. Содан да болар, ел арасында «Әрбір қазақ — аристократ» деген қалжың сөз қалыптасқан. Өйткені әр қазақ өз жеті атасы мен шежіресін жақсы біледі. Ұмытқандар болса да, бауырлас қырғыз, ноғай, башқұрт, әзербайжан, түрік, өзбек сияқты барлық түркі халықтары шежіренің түпкі мәні мен маңызын терең түсінген», — деді Әлия Нұрпақызы Сағымбаева.
Сондай-ақ сарапшы генограмма әдісінің медициналық-психологиялық жағына тоқталып, шежіреден басты айырмашылығы — нағашы жұрт пен әйелдер затының толық қамтылуында екенін түсіндірді.
«Генограмманың жұмыс істеу принципі сәл басқаша. Сол әдісті ұсынған психотерапевт тегі венгр (мажар) екен. Ол кісі адамға психотерапиялық көмек көрсеткенде, тек жеке адаммен немесе оның ата-анасымен шектелмей, отбасындағы қарым-қатынасты төрт-бес ұрпаққа дейін терең зерттеуді ұсынған. Ғылыми еңбектерді зерттей келе, өткен ұрпақтың өмір жолы адамның қазіргі күйіне тікелей әсер ететінін дәлелдеген. Генограмманың басты ерекшелігі — оған ана жағы, тіпті нағашы жұрт та толық енгізіледі. Себебі генетикалық тұрғыдан әр адамға 23 хромосома әкесінен, 23 хромосома анасынан беріледі. Сондықтан генограмма — психотерапияда, психологияда және коучингте кеңінен қолданылатын ғылыми құрал. Генограмма картасында әке тарапы да, ана тарапы да, ата-әжелер мен нағашы жұрттың өкілдері, яғни барлық әйел заты тең дәрежеде бейнеленеді. Арадағы басты айырмашылық та — осы», — деді ғалым.
Соңғы жаңалықтар