Мемлекет басшысы Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Президентке ҰОК-тің атқарған жұмысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы ақпарат берілді.
Геннадий Головкин спорт инфрақұрылымын жақсарту, қазақстандық спортшыларды дайындау және еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыру жөнінде қабылданған шаралар туралы мәліметтермен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев ҰОК алдында олимпиадалық спорт түрлерін ілгерілету мен күшейту бойынша маңызды міндеттер тұрғанын атап өтіп, құрама командалардың әлемдік бәсекелердегі нәтижелерін арттыру керектігін айтты.
Президент сондай-ақ Геннадий Головкинді Халықаралық бокс федерациясы (World Boxing) Олимпиада комиссиясының төрағасы болып тағайындалуымен құттықтады.