Мемлекеттік қызметке кір келтірген ірі басшыларға билікке оралуға мүмкіндік берілмек

12.03.2024
07:14
0
120
Қолы, ниеті, ар-ұяты таза емес адам қолына билік тисе, былық жасауға дайын тұрары даусыз. Сондықтан кез келген озық мемлекет мемқызметті қарау жандардан тазартып, олар кері оралмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Осы орайда білікті сарапшылардың, ірі ғалымдардың күш салуымен бірнеше мәрте жетілдірілген қолданыстағы "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңында билікке дақ түсірген, абыройын айрандай төккен тұлғаларға бұдан былай биліктің бишігі мен тізгінін ұстатпау үшін көптеген шектеу, талаптар енгізілді.
Айталық, аталған заңның 16-шы бабына сәйкес, "мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді".
Ал 50-ші бабында "Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар" санамаланды. Яғни, шенді не жасап қойса, мемқызметтен өмірбақи аласталатыны нақты жазылды.
Бұл тізім біршама көлемді және 19 тармақшадан тұрады. Мысалға, мемқызметшілер шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетпеуге; туыс-туған, жора-жолдасына мемқызметке тұруда артықшылық бермеуге; өзгелерден қымбат сыйлық алмауға; казинода, құмар ойындарын ойнамауға; ресми таратылуға жатпайтын ақпаратты жеке немесе топтық мүдде үшін пайдаланбауға тиіс.
Биліктің алақол өкілдері рейдерлік басып алуға ықпал етіп жатады. Осы мақсатта гүлденген, "майшелпек" кәсіпорынға тексерістен соң тексеріс ұйымдастырып, жұмысын бұғаттап, дәрменсіздікке жеткізуі мүмкін. Сондықтан шенділерге кәсіпкерлерді тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзуға тыйым енгізілді. Бұларға әлдебір жеке тұлғаның не компанияның есебінен саяхаттауына, емдеу-сауықтырудан өтуіне, қыдырып, сапарлауына тыйым салынған.
Шенділер әлдебір компанияның не топтың мүддесіне лобби жасау үшін қоңырау шалып, не өзі кездесіп, өзге министрлер мен әкімдерге қысым көрсететіні жасырын емес. Осыған байланысты мемқызметшілерге басқа меморгандардың, ұйымдардың қызметіне араласуына тыйым салынды.
Ар жағынан жемқорлықтың құлағы қылтиятын, бірақ дәлелденуі қиын осы және басқа қылмыстар "мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар" болып танылды. Тиісінше, қолданыстағы заң бойынша соған қолы мен арын арамдағандар мемқызметтен мәңгілікке қуылатын.
Билік күтпеген жерден оларға жаппай кешірім жасап, мейірім танытуға шешім қабылдапты. Мұны естіп, депутаттар аң-таң, айран-асыр болды. Бірақ соны қарастыратын "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституцияның нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Мәжіліс мақұлдап тастады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл шетін қадамға Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру үшін барғандарын алға тартты.
"Конституциялық сот азамат Б.Қ.Аргумбаевтың "Мемлекеттік қызметі туралы" заңның 16-бабының 3-тармағының 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылғандар мемқызметке өмір бойы жіберілмейді. Конституциялық соттың пікірінше, тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылғандармен салыстырғанда, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандардың жағдайы жеңілірек. Сондықтан 6) тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауға әкеп соғады, әділдік, пропорционалдық талаптарына сай келмейді", – деді Д.Жазықбай.
Здесь пока ничего нет
Соңғы жаңалықтар

19.04.2025
11:07
"Заманбек Нұрқаділовтің немересі де бар": Қоғам...

19.04.2025
10:10
“10 баспананы сатып қонақ үй салған”: Ілияс Сар...

19.04.2025
09:38
АҚШ Қырымды Ресей аумағы ретінде мойындауы мүмкін

18.04.2025
21:01
Димаш Құдайбергеннің қарындасы нәзік бейнесімен...

18.04.2025
20:16
Айжұлдыз Адайбекова жеке өміріне қатысты сүйінш...

18.04.2025
19:48
Танымал актер полиция арқылы үндеу жасады