«Мүмкін емес»: Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты жаңа деректер пайда болды
Әнші әрі композитор Арман Дүйсеновтің ұлы Абылайдың өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның анасы Айсұлу Айданқызы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында тергеу барысына қатысты бірқатар мәселеге тоқталды.
Айсұлу Айданқызының айтуынша, отбасы істің мән-жайын анықтау үшін ситуациялық сараптама жасатқан. Адвокаттар мен сарапшыларға Абылайдың қолы кісенделген жағдайда өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін бе деген сұрақ қойылған.
Анасының сөзінше, сарапшылар қолда бар материалдарды зерттей келе, мұндай жағдайда Абылайдың өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін емес деген қорытындыға келген.
Сонымен қатар іс бойынша психологиялық сараптама да жүргізілген. Оның нәтижесінде Абылайдың белгілі бір кезеңде психологиялық күйзелісте болғаны айтылған. Алайда Айсұлу Айданқызы бұл сараптама марқұмның өз жағдайына қатысты толық деректерге емес, негізінен негізгі куәгерлерден алынған ақпаратқа сүйеніп жасалғанын алға тартты.
Марқұмның анасы Бостандық аудандық полициясының тергеу барысына қатысты ұстанымын да сынға алды. Оның пікірінше, істегі бірқатар маңызды дерекке тиісті деңгейде назар аударылмай отыр.
Айсұлу Айданқызының айтуынша, тергеу кезінде Абылайға қомақты қаржы қарыз болған адамдардың бірі ретінде Жанәли есімді жігіттің аты аталған. Анасының сөзінше, аталған азаматтар қарыздарын қайтарып бергендерін айтқанымен, мұны растайтын нақты дәлелдер ұсынылмаған.
«Ақшаны қайтарып бердік» деген сөздің өзі жеткілікті емес деп санайтын марқұмның анасы осы адамдардың әрекеті толық тексерілуі керек деген пікір білдірді. Ол тергеу органдары Абылайға қарызы болған азаматтардың нұсқасына жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын айтып, істің барлық ықтимал нұсқасы жан-жақты зерттелуін талап етті.
Қазіргі таңда Абылай Дүйсеновтің өліміне қатысты істің барлық мән-жайы бойынша түпкілікті сот шешімі шыққан жоқ.
Соңғы жаңалықтар