Мұрат Мұханов жаңа Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды

03.09.2026 11:44 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Мұрат Мұханов жаңа Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды
327
Фото: gov.kz

3 қыркүйекте Төтенше жағдайлар министрлігіне жаңа басшы келді. Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл лауазымға Мұрат Мұханов тағайындалды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Айта кету керек, бүгін жарияланған басқа шешімдерде министрлер өз қызметіне қайта тағайындалса, Төтенше жағдайлар министрлігінде кадрлық ауыс-түйіс болды. Бұл ведомствоны 2024 жылдың 6 ақпанынан бері Шыңғыс Сайранұлы Әрінов басқарып келген еді.

Жаңа министрдің кандидатурасын Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мақұлдады. Мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында қаралды. Жиын нәтижесінде депутаттар Мұхановты қызметке бекітуге келісім берді.

Мұрат Мұханов кім?

Мұрат Сейтмолдаұлы 1985 жылы 1 шілдеде дүниеге келген. Оның туған жері – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы.

Ол 2006 жылы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Әскери шені – полковник.

Еңбек жолын 2006 жылдың шілдесінде Маңғыстау облыстық өртке қарсы қызмет департаментінде инженер болып бастады. Одан кейін 2007–2016 жылдары осы ведомствоның Мемлекеттік өрт бақылау басқармасында аға инженер, бас маман және бөлім бастығы болып істеді.

2016 жылдың желтоқсанында облыстық ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасын басқарды. Ал 2017–2020 жылдары Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары лауазымында болды.

2020 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін Маңғыстау облыстық ТЖД тізгінін ұстады. Осыдан кейін ол 2024 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды.

2024 жылдың сәуірінде қайтадан Маңғыстау облыстық ТЖД бастығы болып тағайындалып, бұл қызметте 2026 жылдың маусымына дейін еңбек етті. Ал министр лауазымына дейін, яғни 2026 жылдың маусым айынан бері Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы қызметін атқарған.

Мұрат Мұханов бірқатар мемлекеттік әрі ведомстволық марапатқа ие. Олардың арасында «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі, «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІ дәрежелі медальдары бар.

Бұған қоса, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» және Ресей ТЖМ-нің «Құтқару жолындағы достастық үшін» («За содружество во имя спасения») медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Өртке қарсы қызметке 100 жыл» төсбелгілері мен ҚР ТЖМ Құрмет грамотасының иегері.

Войдите, чтобы оставить комментарий