Назарбаев әкімшілігінің экс-басшысы Аслан Мусиннің отбасы Венадан ең қымбат пәтерлердің бірін сатып алды

23.04.2026 16:49 Арман Ермеков
Назарбаев әкімшілігінің экс-басшысы Аслан Мусиннің отбасы Венадан ең қымбат пәтерлердің бірін сатып алды
440
Аслан Мусиннің отбасы Венадан 4,5 млн еуроға пәтер сатып алды. Фото: Rakhim Koilybayev

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімшілігін басқарған Аслан Мусиннің отбасы Аустрия астанасы Венадан құны шамамен €4,5 млн болатын пәтер сатып алды. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм арнасы мәлімдеді.

Құны 2024 жылғы бағам бойынша 2,3 млрд теңге болатын 413 шаршы метрлік мүлік тарихи ғимаратта орналасқан. Бұл мәміле өткен жылы Венаның орталығы саналатын Нойбау ауданындағы ең қымбат сауда ретінде тіркелді. Ауданнан қаланың басты көрікті жерлеріне дейін жаяу небәрі 15 минутта жетуге болады.

Қымбат пәтер Bazantner GmbH атты активтерді басқару компаниясының атына жазылған. Оны Мусиндердің шетелдегі жобалары бойынша ескі серіктесі Сергей Кушенов басқарады. Аталған компания Болгариядағы делдал арқылы Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген UNCIA қорына тиесілі. Бұл қорды Аслан Мусиннің ұлы Сауранбек пен жиені Әнуарбек басқарады. Олар отбасының Латвия мен Болгариядағы негізгі бизнестерін де қадағалайды.

Мусиндердің Латвиядағы саудасы да елдегі ең ірі мәмілелердің қатарына кірген. Олар €5,6 млн тұрмыстық техника сататын танымал желіні және бірнеше тұрғын үй сатып алды. Латвиядағы активтерінің жалпы құны €20 млн асады. Отбасының негізгі бизнес орталығы Болгарияның астанасы София қаласында орналасқан. Онда бірнеше жылдан бері инвестиция көлемі €200 млн асатын ірі жоба іске асырылуда. Құрылысты Сауранбек Мусин бақылайтын «София парк» компаниясы жүргізіп жатыр, оның активтері €68 млн бағаланды. Жоба аясында кеңселер, тұрғын үйлер, мектептер мен спорт кешендері салынуда.

Аслан Мусиннің әйелі Гүлбану Үкетайқызы мен ұлы Сауранбек Болгарияның азаматтығын алған, олар жергілікті және Еуропа парламентінің сайлауларында дауыс береді. Ал экс-шенеуніктің өзі 2020 жылы Черногорияның құрметті азаматы атанды. Алайда жақында Черногория билігі салықтан жалтарғандарға қатысты даудан кейін барлық берілген азаматтықтарды жаппай тексере бастады. Телеграм арнаның мәліметінше, Эмиратта жаңа қордың ашылуы Болгарияның шенген аймағына кіруімен және активтерді тексеру қаупімен байланысты болуы мүмкін.

1954 жылы Ақтөбе облысында туған Аслан Мусин әр жылдары Ақтөбе мен Атырау облыстарының әкімі болды. 2006-2012 жылдары Экономика министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Президент Әкімшілігінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Оның соңғы мемлекеттік лауазымы Черногория мен Босния және Герцеговинадағы елші қызметі еді.

Сонымен қатар бұл телеграм арна бұған дейін АҚШ-тың байларға арналған жаңа заңына қазақстандық экс-шенеуніктер ілінгенін де хабарлаған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий