Нью-Йорк байларға салық салмақ, тізімге қазақстандық шенеуніктер ілікті
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында құны $5 млн асатын баспанасы бар, бірақ онда тұрақты тұрмайтын шетелдіктерге арнайы салық енгізілмек, жаңа тізімге бірнеше қазақстандық кірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани мен штат губернаторы Кэти Хокул аса бай адамдарға салық салатын жаңа заң әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл ереже негізгі тұрғылықты жері Нью-Йорктен тыс аймақта орналасқан азаматтарға қатысты қолданылады.
«Выход к морю» телеграм арнасының хабарлауынша бұл салықты төлеуге бірнеше қазақстандық мәжбүр болады. Олардың қатарында 2012 жылы пара алғаны үшін сотталған Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Сайлаубек Жақышевтің ұлы Әділжан бар. Оның Манхэттендегі екі нысанының жалпы құны $5 млн асады.
Қайрат Боранбаевтың серіктесі Сержан Жұмашов та салық төлеушілер қатарына кіреді. Ол 2010 жылы Манхэттеннен аумағы 172 шаршы метр болатын пәтерді $3 млн сатып алған, қазір баспананың бағасы кем дегенде екі есе өскен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бұрынғы орынбасары Нұрлан Шабдардың әйелі Меруерт Қисамиева мен қызы Алуа Шабдардың да Манхэттенде құны $5 млн асатын екі қабатты пентхаусы бар. Аумағы 280 шаршы метрді құрайтын баспана премиум санаттағы техникамен жабдықталған.
«Олимп» букмекерлік кеңсесінің бұрынғы иесі Анарбек Жауыров та жаңа талапқа ілікті. Оның Манхэттендегі $6,5 млн тұратын пәтері тұрақты өмір сүруге емес, тек жалға беру мақсатында қолданылады.
Кейбір қазақстандықтар бұл салықтан босатылады. Экс-Елбасының марқұм ағасының (Болат Назарбаев – ред.) мұрагерлеріне тиесілі пәтер шекті сомадан арзан болып шықты, ол қазір $2 млн сатылымға қойылған.
Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың Швейцариядағы жалған компания арқылы Сиракуза қаласында алған зәулім үйі қазір қараусыз қалып, қирап жатыр.
Астананың экс-әкімі Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәуреннің де пәтері белгіленген шектен екі есе арзан болғандықтан заңға бағынбайды.
Айта кетейік, осыған дейін аталған арна тергеуден қашып жүрген Арғын Нығматулиннің Португалия елінде жасырынып жүргенін хабарлаған болатын.
Соңғы жаңалықтар