"Назарбаев, кет!" ұранының авторы Ермек Нарымбай сотталып кетті

05.08.2026 10:58 Абзал БАХЫТЖАНОВ
206
Фото: Әлеуметтік желіден

Астанада «Назарбаев, кет!» ұранының авторы ретінде танылған саясаткер әрі белсенді Ермек Нарымбай желідегі жазбалары үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚмЗСЖҚХБ) хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Тамыздың 4-і күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында белсендіге қатысты үкім оқылды. Айыптаушы тараптың мәліметінше, ол Бішкекте жүрген кезінде соттың әлеуметтік желілерде жазба жариялауға салған тыйымын бұзып, Фейсбук парақшасында Қазақстанның жаңа Конституциясын сынайтын бірнеше пост жариялаған. Осы әрекеті үшін саясаткер абақтыға жабылып қана қоймай, оған 3,5 жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға қатаң тыйым салынды.

Сот үкімі шықпас бұрын прокурор оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, қоғамдық-саяси қызметке 5 жылдық шектеу қоюды сұраған болатын. Алайда Ермек Нарымбай өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Ол өзінің соңғы сөзінде бұл істе ешқандай жәбірленуші жоқ екенін және ешкімге шығын келтірілмегенін алға тартты.

Белсенді 2026 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол Бішкекте ұсталып, кейін Астанаға жеткізілген. Қорғаушылардың айтуынша саясаткерді қазақстандық тарапқа беру процесі ешқандай экстрадиция немесе депортация рәсімдерінсіз жүзеге асқан, ал күш құрылымдары бұл мәлімдемелерге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Еске салайық, 2016 жылы Ермек Нарымбай «Көшеден соққан жел» (шын атауы «Ветер с улицы») кітабынан үзінді жариялағаны үшін алауыздықты қоздырды деген айыппен сотталған еді. Кейіннен оның жазасы бас бостандығын шектеумен алмастырылды. 2022 жылы белсенді Қазақстанға оралып, 2023 жылдың шілдесінде бостандыққа шыққан болатын, алайда оған қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға салынған тыйым сол күйі күшін жоймаған еді. Сонымен қатар, ол 2010 жылы сотқа құрмет көрсетпеді және полицияға қарсылық көрсетті деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылып, 2012 жылы амнистиямен босатылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий