«Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы»: Тоқаев Тұңғыш Президент жайлы

10.02.2026 11:40 Арман Ермеков
«Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы»: Тоқаев Тұңғыш Президент жайлы
482
Фото: e-history.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеп, ел жетістігіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент жиын барысында қазіргі Конституцияның маңызы мен оның қабылдану тарихын еске алды. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарындағы табыстардың бастауында Ата Заң тұр.

«Әрине, қазіргі Конституциямыздың мән-маңызын ешкім жоққа шығармайды. Соңғы 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы.

Дегенмен бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды. 

Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды. 

Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас. 

Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды», – деді Президент.

Жиында сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылдың қорытындысы мен биылғы жоспарларды баяндады. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев цифрландыру жайын сөз етсе, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны төмендету шаралары бойынша есеп берді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий