Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша өтіп жатқан сотта сұмдық деректер айтылды

23.07.2026 16:51 Әсел МҰРАТ
Нұрай Серікбайдың өлімі бойынша өтіп жатқан сотта сұмдық деректер айтылды
188
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Newtimes.kz» жазуынша, мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған айыптарды жариялады. Айыптау актісінде қылмыстық істің мән-жайы мен сотталушыға қатысты үш эпизод баяндалған.

Бірінші эпизод: адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу

Прокуратура мәліметінше, 2025 жылы 25 шілдеде Шерхан Аймахан Нұрай Серікбаймен ортақ таныстары арқылы тойда танысқан. Кейін екеуі Instagram және WhatsApp арқылы сөйлесіп, Аймахан қызға көңіл білдіріп, кездесуге шақырған.

31 тамызда Нұрай Серікбай отбасымен бірге Алматыға келіп, туыстарымен бірге жалдамалы пәтерге орналасқан. Осыдан кейін Аймахан онымен әлеуметтік желілер арқылы байланысын жалғастырып, тағы да кездесуге ұсыныс жасаған.

Айыптау актісіне сәйкес, 29 қыркүйекте Аймахан Hyundai Elantra көлігімен Алматыға келген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Нұрайға сезімін білдіріп, отбасын құруды ұсынған. Алайда қыз бұл ұсыныстан бас тартып, отбасы құруға әлі ерте екенін айтқан.

Айыптау тарапының мәліметінше, 4 қазанда сағат 21:45 шамасында Аймахан Нұрай тұрған жалдамалы пәтерге барған. Ол қызды өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген. Кейін оны көлігіне отырғызып, Алматыдан Шымкентке алып кеткен.

Прокуратураның нұсқасына сәйкес, Нұрай қаладан шығып бара жатқанын білмеген. Көліктің Алматыдан шығып кеткенін түсінген кезде, Аймахан қарсылық көрсетсе, екеуі жол апатына ұшырайтынын айтып қорқытқан.

5 қазанда таңғы сағат 06:00 шамасында Аймахан Нұрайды Шымкенттің Қаратау ауданындағы өз үйіне жеткізген. Айыптау тарапының мәліметінше, оның туыстары қыздың қалай келгенінен хабарсыз болған. Үйде қонақ күтуге дайындық болмағандықтан, Аймахан алдымен Нұрайды анасының үйіне апарған.

Айыптау актісіне сәйкес, Нұрай туыстары дәстүр бойынша көп ұзамай келіп, өзін алып кетеді деп ойлаған. Сондықтан полицияға жүгінбеген. Қонақ қабылдауға дайындық аяқталған соң, Аймахан қызды қайтадан өз үйіне әкелген.

Прокуратура мәліметінше, сотталушының туыстары дәстүрлі рәсім өткізіп, Нұрайдың басына орамал жауып, оны жас жұбайлардың бөлмесіне кіргізген. Айыптау тарапының пайымдауынша, осылайша Аймахан өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асырған.

Оқиғадан Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай, Бауыржан Бимұратов және қыздың немере ағасы хабардар болған. Олар Аймаханның үйіне барған.

Айыптау актісінде Нұрайдың ағасына: «Сіздерді күттім. Бәрі менің еркімнен тыс болды. Мені бұл жерден алып кетіңіздер», – деп көмек сұрағаны көрсетілген.

Сұлтан Серікбай қарындасын алып кетуге әрекет жасағанымен, үйдің маңында Аймаханның көптеген туысы болғандықтан, оны алып шыға алмаған. Осыдан кейін ол 102 нөміріне бірнеше рет қоңырау шалған.

Оқиға орнына Қаратау аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы келген. Полиция қызметкерлері Аймахан мен Нұрай Серікбайды бөлімшеге жеткізген.

Прокурордың айтуынша, Артықбай есімді тергеуші екі тараптан да түсініктеме алғанымен, тиісті тексеру материалын тіркемеген. Аймахан Нұрайды бұдан былай мазаламайтынына уәде бергеннен кейін, қыз туыстарымен бірге үйіне қайтқан.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан осы әрекеттері арқылы Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған адам ұрлау) қылмысты жасаған.

Екінші эпизод: Нұрайды қудалау

Прокуратура мәліметінше, осы оқиғадан кейін Аймахан Нұраймен қарым-қатынасын қалпына келтіруге бірнеше рет әрекет жасаған.

6 қазанда ол Алматыдағы Нұрай тұрған жалдамалы пәтерге барған. Алайда оған қыздың Шымкентке кеткені айтылған. Осыдан кейін Аймахан кері қайтқан.

7 қазанда сағат 11:50-ден 13:00-ге дейін Аймахан Нұрайға 17 рет телефон соққан. Қызбен байланыса алмаған соң, оның үйіне барып, күтіп тұрған.

8 қазанда түнгі сағат 01:06-дан 01:11-ге дейін тағы сегіз рет қоңырау шалған. Нұрай кездесуден бас тартқанына қарамастан, Аймахан сағат 10:50-ге дейін үйдің маңында болған.

Айыптау актісіне сәйкес, 10 қазан сағат 19:26-дан 11 қазан сағат 18:41-ге дейін ол тағы 70 рет қоңырау шалған. Осыдан кейін Нұрай телефон нөмірін ауыстырған.

Қызбен байланыса алмаған Аймахан оның оқуға қайта келгенін ойлап, Алматыдағы жалдамалы пәтерге тағы барған. Алайда куәгерлер Нұрайдың бұл жерде тұрмайтынын айтқан. Содан кейін ол қайтадан Шымкентке кеткен.

Бұдан бөлек, прокуратураның мәліметінше, Аймахан Instagram парақшасы арқылы Нұрай туралы ақпаратты оның курстастарына таратқан.

25 қазанда Алматыда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқан кезде Нұрай ағасымен бірге болған. Ағасы Шымкентке қайтқаннан кейін, Аймахан қызбен қайта байланысуға тырысқан.

5 қарашада ол Нұрайдың жаңа телефон нөмірін тергеу басқармасы арқылы біліп, түнгі сағат 01:53-тен 03:33-ке дейін 12 рет қоңырау шалған.

Нұрайдың 11 қарашада туған күні екенін білген Аймахан оны құттықтауға ниет білдірген. Бұл туралы естіген қыз кездесіп қалмау үшін Шымкентке кеткен.

11 қараша кешке Аймахан Алматыға келген. Алайда жалдамалы пәтерге барған кезде Нұрайдың ол жерден көшіп кеткенін білген.

16 қарашада ол Шымкентке қайтып келген. 17 қараша сағат 00:37-ден бастап Нұрайға қайта-қайта қоңырау шалуға әрекет жасаған. Айыптау актісіне сәйкес, Аймахан 25 қарашаға дейін қызбен байланысуға тырысқан. Осыдан кейін Нұрай телефон нөмірін тағы ауыстырған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан осы әрекеттері арқылы Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасаған.

Үшінші эпизод: Нұрай Серікбайдың өлімі

Айыптау актісіне сәйкес, 2026 жылы 10 қаңтарда сағат 18:30 шамасында Аймахан Шымкенттің Абай ауданында Нұрай Серікбай тұрған үйдің ауласына келген. Прокуратура мәліметінше, оның қалтасында алдын ала дайындап қойған пышақ болған.

Үйден шығып келе жатқан Нұрайды көрген Аймахан оған саябаққа бірге баруды ұсынған. Алайда қыз бас тартып, үйіне қайтып бара жатқанын айтқан.

Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, осыдан кейін Аймаханда Нұрайды өлтіру ниеті пайда болған. Тергеу мәліметінше, Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлердің арасымен келе жатқан кезде Аймахан алдын ала дайындаған пышағын алып шығып, Нұрайға бес-алты рет пышақ сұққан.

Қыздың айқайын естіген Бердібеков есімді куәгер оқиға орнына жүгіріп келген. Прокуратураның мәліметінше, Аймахан қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмай, ауламен бірнеше метр жүгіріп, оқиға орнынан қашып кеткен.

Іс бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасып жатыр.

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс

Нұрай Серікбай 2026 жылы 11 қаңтарда қайтыс болды. Тергеу нұсқасына сәйкес, қызды бұған дейін оған үйленуге әрекет жасаған Шерхан Аймахан өлтірген.

Тергеу мәліметінше, «алып қашу» дәстүрін сылтау еткен Аймахан Нұрайды заңсыз түрде өз үйіне алып барған. Алайда қыз оған тұрмысқа шығудан бас тартқан. Кейін оның туыстары Нұрайды үйіне алып кеткен.

Біраз уақыттан кейін Аймахан қайта пайда болып, қызды қудалай бастаған. Нұрай қашуға тырысқан кезде, ер адам оған бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан бой тасалаған. Екі күннен кейін күдікті Шымкенттен 10 шақырым жерден ұсталған.

Резонанс тудырған кісі өлімі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарын аударды. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Шымкент полиция қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді тапсырды.

Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Ал некеге мәжбүрлеу фактісін елемеген полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік салғырттық бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Кейін кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағына («аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру») қайта сараланды. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті мәжбүрлі түрде мамандандырылған медициналық мекемеге емделуге жіберілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий