Нұрайдың өлімі бойынша іс қашан сотқа беріледі?
Нұрайдың өліміне қатысты іс сотқа қашан түсетіні белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сенат кулуарында журналистер Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділовтен «Нұрайдың өліміне қатысты қылмыстық істің тергеуі қай кезеңде және іс материалдары сотқа қашан жолданады?» деп сұрады.
Санжар Әділовтың айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша тергеу маусым айында аяқталады. Одан кейін іс материалдары сотқа жолданады.
Істің мән-жайы
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған еді. Бейнебақылау камераларына күдіктінің Нұрайды аңдып жүргені, кейін оған пышақпен шабуыл жасағаны түсіп қалған.
13 қаңтарда 28 жастағы күдікті қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.
Кейін белгілі болғандай, шабуыл кездейсоқ болмаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған дейін бірнеше ай бойы қудалау және алып қашу оқиғасы болған. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, олардың арыздары қабылданбаған.
Бұл жағдайға Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтай отырысында полиция әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Сонымен қатар, некеге мәжбүрлеу туралы арызды тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады делінген бейнежазба тарады. Видеода Нұрай Серікбай өзін күштеп алып қашпағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтқан. Сондай-ақ ол ер адамға ешқандай шағымы жоғын мәлімдеген.
Экс-полицейлер кейбір бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп бағалады.
Марқұмның отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов жәбірленуші тарап тергеу құпиясын жариялау дерегі бойынша ресми шағым түсіргенін айтты.
Сәуір айында күдікті тергеу изоляторынан Алматы облысы Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға ауыстырылған.
Бұған дейін отбасы адвокатының айтуынша, 28 жастағы күдіктіге қатысты бірқатар сараптама тағайындалып, ол мамандардың бақылауымен ем қабылдаған.
Марқұмның туыстары күдікті психикалық ауытқуды сылтауратып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға әрекет етуі мүмкін деп алаңдаған.
Алайда 30 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктінің есі дұрыс деп танылғанын хабарлады.
Марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров сараптамадан кейін күдікті мамыр айының басында қайтадан тергеу изоляторына қамалғанын айтты.
Омаровтың сөзінше, жәбірленуші тарап күдіктінің туыстарын да қызды алып қашуға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
28 жастағы күдіктіге Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған:
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы — «Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру»;
- 125-1-бап — «Некеге мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап — «Сталкинг».
Соңғы жаңалықтар