Антикордың экс-басшысының отбасынан АҚШ-та 2,5 млрд теңгенің мүлкі табылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы басшысының орынбасары Нұрлан Шабдардың отбасы АҚШ-та элиталық жылжымайтын мүлікке иелік етеді, деп хабарлайды «Выход к морю» арнасы.
Арнаның дерегінше, шенеуніктің әйелі Меруерт Қисамиева мен қызы Алуа Шабдар АҚШ-тің Нью-Йорк қаласында екі пәтер сатып алған. Екеуі де Манхэттен ауданында орналасқан, ал олардың жалпы құны 5 миллион доллардан (шамамен 2,5 миллиард теңге) асады.
Пәтердің бірі – Ист-Ривер өзеніне қарайтын екі қабатты пентхаус. Ол Шығыс 76-шы көшесінде, Джон Джей саябағының жанында орналасқан. Ауданы 280 шаршы метр болатын үйде төрт жатын бөлме, бес жуынатын бөлме, қонақ бөлмесі және ас үй бар. Үй іші ішінара жиһаздалған және премиум класты техникамен жабдықталған. Ғимарат тәулік бойы күзетіледі, ішінде фитнес-орталығы, іскерлік келіссөздер бөлмесі және төбесінде бағы бар. Қазір бұл пәтер айына 20 мың долларға жалға беріліп жатыр.
Екінші пәтер кішігірім болғанымен, қаланың қақ ортасында, әйгілі Эмпайр-стейт-билдинг пен Мэдисон сквер маңында орын тепкен. Ауданы шамамен 80 шаршы метр, онда бір жатын бөлме мен ас үй бар. Бұл баспана да жалға беріледі, бағасы – айына 7 мың доллар.
Екі мүлік те «Aula Estates LLC» фирмасы арқылы рәсімделген. 2023 жылы иелері компанияны жауып, Флоридада дәл осындай атаумен жаңа құрылым ашқан. Тіркеу құжаттарында Алуа Шабдардың тегінде қате жіберілген (ShaDbar деп жазылған). Бұл активтерді іздеу жүйелерінен жасыру мақсатында әдейі жасалған болуы мүмкін. Дегенмен, Нью-Йорк тізілімінде меншік иелері өзгермеген, яғни пәтерлер әлі де Шабдардың отбасына тиесілі.
Бұдан бөлек, Нұрлан Шабдардың отбасының Алматыдағы «Alem Luxor» қалашығында құны 2 миллиард теңге тұратын зәулім үйі бар екені бұған дейін айтылған еді. Осы ақпарат жарияланған соң бұрынғы әріптестері мүліктің шығу төркінін тексеруді бастаған болатын. Сондай-ақ Болгарияның Бургас қаласындағы кешенде бірнеше таунхаус бар екені анықталды. Нұрлан Шабдар оның біріне 2017 жылдан бері иелік етеді. Оның әкесі, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев бұл ақпаратты жоққа шығаруға тырысқанымен, жарияланған құжаттар керісін дәлелдеді.
Айта кетейік, Меруерт Қисамиева мемлекеттік қызметте істемеген. Оның бизнесі кафе, балалар орталықтары, логистика және тау-кен салаларын қамтиды. Бизнес серіктестерінің арасында Қырғызстандағы ықпалды Әбдіқадыр әулеті аталады.
Соңғы жаңалықтар