Олжас Бектенов елдегі жанармай тапшылығына қатысты маңызды шешім қабылдады

20.06.2026 14:41 Қарақат АСЫЛОВА
Олжас Бектенов елдегі жанармай тапшылығына қатысты маңызды шешім қабылдады
247
Фото: ҚР Премьер-министрнің ресми баспасөз агенттігі
Қазақстан жанармайын кімдер әкетіп жатыр?

Премьер-министр Олжас Бектенов елде жанармай тапшылығын болдырмау мақсатында мемлекеттік шекаралардағы бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысы мұнай өнімдері нарығындағы ахуалға арналған кеңес өткізіп, оған энергетика саласының және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Кеңес барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндама жасап, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елдегі бензин, дизель отыны және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асады. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Жанармай ең алдымен жанармай құю станцияларына, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және әуе тасымалдаушыларына жеткізілуде.

Кеңесте мұнай өнімдерін заңсыз шетелге шығарудың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағынан автокөлік арқылы мұнай өнімдері мен жеңіл дистилляттардың кейбір түрлерін әкетуге тыйым салынған. Сонымен қатар көліктердің мемлекеттік шекарадан тәулігіне бір реттен артық өтуіне шектеу енгізілген.

Олжас Бектенов ішкі нарықтағы тұрақтылықтың стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, жауапты органдарға бақылауды күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, бұл тапсырма Ресейде жанармай тапшылығы күшейіп жатқан кезеңде берілді. Ашық деректерге сәйкес, көрші елдің бірқатар өңірлерінде жанармай сатуға шектеулер енгізіліп, бензин бағасы рекордтық деңгейге жеткен. Ресейдің мұнай өңдеу саласындағы өндіріс көлемі де төмендеп жатқаны хабарланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий