Олжас Бектенов: Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды

Олжас Бектенов: Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды
05.04.2024 16:42
0
74
Қазақстан Премьер-Министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқынына байланысты жағдайды тексеріп, Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерлерде орындалу барысымен танысты.

Атап айтқанда, бірқатар су қоймаларын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды, сондай-ақ ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, республикалық штабтың отырысын өткізді.

Сол жерде Олжас Бектенов су басқан үйлердің жай-күйін қарап, тұрғындардың баспаналарын қалпына келтіру және басқа да қосымша қолдау шараларын көрсетуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Мәселен, әкімдік тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтарға несиелер бойынша жылдың маусым айының соңына дейін 3 айға несие төлемдерін автоматты түрде кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі, сонымен қатар төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды.

Жалпы облыста тасқын қаупі әлі сейілмеген. Қазір өзендердің көпшілігінде су арнасынан асып кеткелі тұр. Өңірде 792 үй су астында қалды. Облыстың 5 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл) және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамнан 3140 адам, 664 техника жұмылдырылды. Барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Олжас Бектенов көлемі 15,8 млн м3 болатын Мағаджан бөгетін аралап көрді, онда қарғын су ағыны салдарынан Мағаджан су қоймасының бөгеті бұзылды. 1985 жылы пайдалануға берілген. Гидротехникалық құрылыс жекеменшік "Тұлпар" ЖШС компаниясының иелігінде. Қызылту ауылынан 25 адам, Табантал қыстағынан 11 адам эвакуацияланды.

Сонымен қатар болжамдарға сәйкес, 5-11 сәуір аралығында облыстың барлық аумағында ауа температурасы айтарлықтай жылынуы мүмкін, қатты жауын-шашын күтілмейді. Осыған байланысты су тасқынынан зардап шеккен ауылдармен қатар, қайта су алып кету қаупі жоқ аймақтардағы елді мекендердің тыныс-тіршілігін де қалпына келтіруге назар аударылды.

Мәселен, қазірдің өзінде 26 елді мекенде электр қуатымен жабдықтау қалпына келтірілді. "Энергожүйе" ЖШС-нің барлық бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Республикалық маңызы бар 9, облыстық маңызы бар – 3 жолда және 9 аудандық маңызы бар жолда судың тоқтауына байланысты көлік қозғалысына қойылған шектеулер алынып тасталды. Өңірде шығынды өтеу комиссиясы жұмыс істейді. Үш күн ішінде комиссияға материалдық шығындарды өтеу туралы 1623 өтініш түскен.

Алгоритмге сәйкес, ТЖ орын алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш беріледі. Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған тұрғындар әкімдікке тиісті өтінішпен жүгіну арқылы бір реттік төлем ала алады.

Ақтөбе облысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлік режимде өңірлік штаб басшыларының қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Бүгінгі таңда елімізде су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасып отыр.

Тоғыз өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау).

Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан барлығы 19 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Бүгінгі таңда солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында.

Сондықтан алдағы уақытта су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілді, ТЖМ-нің қажетті күштері мен құралдары дайындалды.

Қаржы министрі Мәди Такиев Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі бұзылған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына берілген өтінішіне сай несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылатынын баяндады.

Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілері үшін салық есептілігін тапсыру және салықтарды төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.

Өз кезегінде Олжас Бектенов барлық өңірде әкімдіктердің өтініші бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға қажетті техника мен материалдарды тегін берген құрылыс компанияларына, жол жөндейтін ұйымдарға Үкіметтің атынан алғыс айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр жөндеуге жарамды тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның сапасына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қол ұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін", – деді Штаб жетекшісі.

Фермерлер мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне ерекше назар аударылды. 33 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге көшірілді. Оған қоса малдың өлім-жітімі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу мәселесін шешуде.

"Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды", – деді Премьер-Министр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или