Өзбекстанда ҚҚС 2028 жылға дейін өзгеріссіз қалады: ҚҚС – 12%, табыс салығы – 15%

Өзбекстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) мен табыс салығының мөлшерлемелері 2028 жылға дейін өзгермейді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы тиісті жарлыққа Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды.
Салық мөлшерлемелерін тұрақтандыру бизнеске қолдау көрсету, әділ бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту мақсатында енгізілді. Қазіргі таңда Өзбекстандағы табыс салығының базалық мөлшерлемесі – 15%, ал резиденттер дивидендтерден 5% салық төлейді. Шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін бұл салық мөлшерлемесі жоғарырақ.
ҚҚС мөлшерлемесі Өзбекстанда 12% деңгейінде белгіленген. Кейбір коммуналдық қызметтер мен экспорттық операциялар үшін нөлдік мөлшерлеме қолданылады.
Айта кетейік, Өзбекстан 2025 жылға дейін 43 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұған дейін Өзбекстан Сенаты 2025 жылғы мемлекеттік бюджетті бекіткен болатын. Консолидацияланған бюджеттің кірістері 431 триллион сумды (шамамен 33,4 миллиард доллар), ал шығыстары 480,5 триллион сумды (37,3 миллиард доллар) құрамақ.
Сондай-ақ, Президент Мирзиёев Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіру процесінің соңғы кезеңге өткенін мәлімдеді.
Ақпарат inform.kz сайтынан алынған.
Соңғы жаңалықтар




