«Палатасы өрттей ыстық»: Жаңаарқа ауруханасына түскен әйел соқырішектен көз жұмды

«Палатасы өрттей ыстық»: Жаңаарқа ауруханасына түскен әйел соқырішектен көз жұмды
10.05.2025 11:08
0
408
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Жаңаарқа ауданында соқырішекпен ауруханаға түскен көпбалалы ана Гүлнұр Жуанышбаева операциядан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ  Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

Марқұмның туыстары оның өліміне медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болғанын айтып, бар дәлел-дәйектерін жинап, кінәлілерді жазалауды талап етті. Гүлнұр Жуанышбаева – төрт баланың анасы, 20 жыл бойы полиция капитаны ретінде қызмет еткен қадірлі азамат еді. 2025 жылдың 20 сәуірінде ол «жедел гангренозды аппендицит» диагнозымен Жаңаарқа аудандық ауруханасына түсіп, ота кезінде анафилаксиялық шокқа ұшырап, клиникалық өлім жағдайына тап болады. Дәрігерлер оның жүрек соғысын қалпына келтіргенімен, 27 сәуірге дейін комада жатқан науқас ақырында көз жұмды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, дәрігерлер өлімнің шынайы себебін жасыруға тырысқан. Олардың мәлімдеуінше, Гүлнұрға қолданылған дәрі-дәрмектер тиісті температуралық режимде сақталмаған. Ауруханаға жеткізілген препараттар бірнеше күн бойы кіреберістегі тамбурда жатқан. Фото және видео дәлелдерде Цефотаксим, Ципрофлоксацин, Маннитол, Натрий хлорид сияқты маңызды дәрілердің жерде тұрғаны көрсетілген. Бұл препараттар комада жатқан Гүлнұрға да пайдаланылған, ал ол кезде оның жағдайы ми ісігі мен анафилактикалық шоктың салдарынан өте ауыр болған.

Сонымен қатар, марқұмның туыстары Гүлнұр жатқан палатаның іші өрттей ыстық болғанын еске алады. Өздері терезелерді ашып, бөлменің температурасын 31°C-тан 27°C-қа дейін төмендетуге мәжбүр болған. Оқиғаға байланысты журналистер Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасынан түсініктеме сұратты. Басқарма өкілдері аурухана директорының жұмысындағы кемшіліктер үшін қатаң сөгіс алғанын, ал ота жасаған хирург, реаниматолог және науқасты емдеген мейіргерлер сот-медициналық сараптаманың нәтижелері шыққанша қызметтен шеттетілгенін хабарлады. Сараптама қорытындысы шыққан соң, жауапкершілік мәселесі нақты шешілетін болады.

Гүлнұр Жуанышбаеваның жерлеу рәсіміне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлері келіп, отбасына көңіл айтып, бата оқуға 200 мың теңге берген. Марқұмның туыстары бұл жағдайдың тек бір отбасының қайғысы емес, бүкіл аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелерді әшкерелегенін айтты. «Әділет саласында қызмет еткен адамның өзі жауапсыздықтан қаза тапса, өзгелердің жағдайы қандай болмақ?» – деп олар әділетсіздікке наразылық білдірді.

Қазіргі таңда Жаңаарқа ауданының полиция бөлімі медицина қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жұмыстары Ұлытау облысы полиция департаментінің қатаң бақылауында жүргізіліп жатыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий